Православ шіркеуінің әулие әкесі Иаков Воронцов Қазақстан жерінде Мәскеу патриархатына бағынбайтын православ шіркеуін құрғысы келеді. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жария етті.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
Бұл қадамға әулие әке Иаков өзіне «ұлтараздық және дінараздық алауыздық тудырмақ болды» деген арыз жазылған соң, барғанын айтуда. Бұл Воронцовқа қарсы қылмыстық іс ашу бойынша жазылған екінші арыз болып отыр. Бұған дейін белгісіз азамат полицияға электронды арыз жазып, әулие әкенің үстінен дінараздық алауыздық тудыру бойыншы іс ашуын сұраған еді. Кейін оны полиция тергеуге шақырған. Воронцов екі арыздан кейін «Қазақстанда Ресейге тәуелсіз православ шіркеуі құрылуы тиіс» деген ойға келген.
«Мен ешқандай танымалдылық пен белсенділікті қалаған емеспін. Тыныш қана өмір сүргім келді. Бірақ олар маған күн бермей, үстімнен арыз жазып, шабуылды үдетті. Мен сотта сөз сөйлеп, ел алдына шығуым керектігін түсіндім. Сол себепті мен бастаған ісімді аяқтауым керек деп шештім. Мені соттайтын болса жайдан-жай соттамай, нақты ісім үшін соттасын дедім», - дейді ол.
Ол өзіне жасалған қысымның артында Мәскеу тұруы мүмкін деп болжайды.
Әулие әкенің айтуынша Қазақстандағы Мәскеуге бағынбайтын шіркеу құру үшін, мұнда Константинополь Патриархатының немесе басқа жергілікті шіркеудің өкілі келуі қажет екен.
«Ресейде Константинопольдің де, Александрияның да өкілдіктері болды. Бірақ Мәскеу бәрімен қарым-қатынасын үзіп тастады. Мүмкін бізде де осындай орталық болатын шығар? Қалай болғанда да Стамбулдағы патриарх Варфоломейге хат жолдадым. Мүмкін менің хатым жеткіліксіз болар, мүмкін ұжымдық хат жазуға тура келетін шығар. Бірақ мен бұл істің жақсы аяқталатынына 100% сенімдімін», - дейді ол.
Мәскеу шіркеуінен бөлініп, дербес шіркеу құру әрекеті ТМД аймағында бар тәжірибе. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыста Украина шіркеулері Мәскеуден бөлінгенін жария етті. Артынша бұл саяси алаңда да қызу талқыға айналды. Әулие Иаков Ресейдің Украинаға соғысын айыптап, діннің позициясы әділдік пен бейбітшілікте болуы тиіс деп санайды. Ол осыған дейін діни жоралғыларды қазақ тілінде өткізіп, әлеуметтік желіде қызу талқы болған еді.
Mezgil.kz