Зеленский АҚШ-та: Мәскеудің мазасын алған ATACMS һәм 60 млрд доллар

Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ сапары соңғы екі күнде әлемдік БАҚ-қа тамызық болғаны жасырын емес.

1702456475568548.jpg

Белгілі болғаны Зеленскийдің АҚШ Конгрессін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», Ресей агрессиясына қарсы күресте Украинаны қолдауға шақыру үшін барғандығы. Сенаторлармен Капитолийдегі кездесу барысында Владимир Зеленский майдандағы күрделі жағдайға байланысты қажетті көмекті кедергісіз беру керектігін атап өтті.

СОҒЫСТЫҢ КЕЛЕШЕК ТАҒДЫРЫН 60 МЛРД ДОЛЛАР ШЕШКЕЛІ ТҰР!

«Reuters» басылымы: «Жабық есік жағдайында өткен кездесуде Сенатағы басым көпшіліктің серкесі – сенатор Чак Шумер Киевке қолдау жасау қажеттілігін алға тартса, Республикашылар бұл қолдаудың нәтижесіне күдікпен қарады», - деп жазады.

Конгрессмендер Сенаттың шешім қабылдауын күтуде. Содан кейін Конгресс 60 млрд доллар көмек беру мәселесін және талқыға салмақ. Бір нәрсе анық, Украинаның жеңісті жақындату-жақындатпауы тап осы Конгресстің 60 млрд доллар көмекті бөлу немесе бөлмеуіне тіреліп отыр. Украина президенті Владимир Зеленский жаны мұрынының ұшына келіп, жанталасуының да жөні бар. Өйткені, дәл қазір соғыстың ары қарайғы тағдырын осы 60 млрд доллар шешкелі тұр.

1702456141748080.jpg

Зеленский лаңкестерге қарсы күресте АҚШ демократтары мен республикашылары Украинаны жалғыз қалдырмайтынына сенетінін ашық айтты.

«ATACMS» ЗЫМЫРАНДАРЫ МӘСКЕУДІҢ МАЗАСЫН ҚАШЫРАДЫ!

«Politico» газеті: «Осы кездесулерде тек қаржылық көмек қана емес, Киевке алыс қашыққа ұшатын «ATACMS» зымыранын беру мәселесі сөз болды. Украина президенті Зеленский бұл мәселені АҚШ Конгрессі өкілдер Палатасының спикері Майк Джонсонмен жолыққан кезінде қозғады. Сәтін салса, Украина модификацияланған «ATACMS» зымырандарымен қаруланатын болады», - деп жазды.  

Онан соң БАҚ-тың басты назары Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ президенті Байденмен кездесуіне ауды.

Екі президент арасындағы жолығысуда анти-ресейлік санкция сөз болды. Қазір 200 компания мен 23 жеке тұлға қара тізімге енгізілді. Осы қара тізімге: Ресейдің «Экспобанк» банкі, «Москвы Сити» Басқарушы компаниясы, «Азия» кеме қатынасы компаниясы мен «Сельмаш» зауыттары қосылды.

Осы кездесуден кейін болған Байден мен Зеленскийдің бірлескен баспасөз конференциясында Украина президенті: «Украинаның болашағы НАТО-да екені еш күмән тудырмайды», - деді.

Украина жағы АҚШ-тың кеше ғана жариялаған  200 млн долларлық әскери көмегіне алғыс білдіріп, «жалпы құны 300 млрд долларды құрайтын , бұғатталған ресейлік активтерді Украина пайдасына жұмсауға жағдай жасауға шақырды».

УКРАИНАНЫҢ БОЛАШАҒЫ НАТО-ДА ЕКЕНІ ЕШ КҮМӘН ТУДЫРМАЙДЫ

1702456169135121.jpg

Брлескен баспасөз конференциясында АҚШ президенті Байден:

«Ресей танктері Киевке келіп жеткенде, біз Украина бір ай ғана қарсыласуға қауқарлы деп ойладық. Содан бері сіздер міне, табаны күректей екі жалдан бері берілмей келесіздер. Бұл дегеніңіз – зор жеңіс!

Егер біз бүгін Путиннің аптығын баспасақ, азаттық барлық жерде тұншықтырылатын болады. Арсыз агрессорлар ойына келгенді істеп, күшпен нені тартып аламын десе, соны тартып ала береді. Біз Украинаны шетке ысырып тастамаймыз, Америка халқы да Украинаны жападан-жалғыз қалдырмайды», - дей келе, Байден АҚШ-тың мақсаты Украинаның осы соғыста жеңіп шығып, территориялық тұтастығын сақтауы екендігін алға тартты.

1702456421542398.jpg

Бірлескен баспасөз конференциясында Украина президенті Зеленский:

«Украина 2022 жылы ақпанда Ресей басып алған жерінің 50%-ын азат етті. Біз Қара теңізде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Келесі жылы әлеуетімізді қалай арттыратынымызды талқыладық. Ең алдымен, әуе қорғанысын, Украина территориясындағы Ресей логистикасының тас-талқанын шығаруға баса назар аудардық.

Біз әуеде үстемдікке ие болғымыз келеді. Бұл 2024 жылғы біздің позициямызды күшейте түседі. Кім әуені өз бақылауына алса, сол соғыс барысын өз қолында ұстайды. Украина Еуропа Комиссиясының ЕО-ға мүше болуының барша шарттарын орындады.

Осы орайда біз өлтірліп жатқан, зорланып, қорланып жатқан адамдар туралы сөз етпекпіз. Жеріңізді өзгеге беру деген – туған балаңды жатқа тастау. Украинаның ішінен шыққан перезенті болып табылатын жерін басқаға бермек болуы ақылсыздық!», - деп жігерлене сөйледі.

Сөзінің соңында президент Зеленский кездесудің ойдағыдай болғанын атап өтті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар