Ресей мен Украинаның соғыстағы адам шығыны ресми әрі нақты жарияланбаған, тұмшаланған құпия екені жасырын емес.
Бірақ Батыстық сарапшылар КСРО Германияға қарсы ІІ Дүниежүзілік соғыста 1 адамға 10 жауынгерді құрбан етсе, Ресей осы соғыста 1 украиндық жауынгердің көзін жоюы үшін 5 сарбазын қанды қасап етуде дегенді алға тартады.
«Reuters» және «CNN» АҚШ барлауының құпияланған есебіне сілтеме жасай отырып: «Ресей армиясы Украина жеріне басып кіргеннен бастап, күні бүгінгі дейінгі аралықта жеке құрамының 87%-ын жоғалтты. Бұл өлгені және жараланғаны бар 315 мың әскер деген сөз», - деп жазады.
Қос басылым: «Бұндай адам шығыны мен бронды техникалардан орасан зор көлемде айырылып қалу – Ресей әскерін техникалық жарақтандырып, модернизациялауды 18 жылға кері шегерді», - деген өз түйіндеулерін жазады.
Сонымен Америка барлауының құпияланған есебіне сенер болсақ, РФ Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың ақпанда Украина жеріне бас-көктеп кірген шақта сарбаздар басымдығына иелік еткен. Ол кезде Ресейдің қолында 3500 танкі болса, соғыста соның 2200-інен айырылған. Жаяу әскерге арналған көліктер мен брондытранспортерлер шығыны бұдан аздау. Ресейде 13 600 дана жаяу әскерге арналған көліктер мен брондытранспортерлер болса, соғыста 4400 данасынан айырылған. Бұл дегеніңіз 32%-ды құрайды. Бұдан шығатын қорытынды – Ресей көбіне техникамен емес, жаяу әскермен соғысып жатыр деген сөз.
Енді майдан даласындағы жағдайға келетін болсақ, РФ ҚМ Бас штабы осы жылдың қазан айында Авдеевка - Новопавловка бағытында болған қанды қырғынында 13 мың әскерінен айырылған. Бұл да басқыншылардың адам өмірін қаншалықты бағалайтынын аңғартады. Әскерилері үшін сонда техника адам өмірінен құнды болып тұрғаны ма деген ойға қалдырады.
«Politico» басылымы: «Бұл мәліметтерді АҚШ Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің өкілі Адриана Уотсон беріп отыр», - деп жазады.
«Осылайша, Ақ Үй Украинаға қаржылай көмек беруге қарсы шығып отырған Конгресстегі Республикашыларға ықпал ету мақсатында, Путиндік режімінің өз халқына да, Украинаға да майдан даласында һәм күнделікті өмірде жасап жатқан түрлі қылмысын әшекерлеу үшін құпияланған деректерді жариялауға мәжбүр болды», - деп атап көрсетеді «Politico» басылымы.
Өткен қараша айында Батыстық шенеуініктер: «Доненцк облысының Авдеевка - Новопавловка бағытында қанқасап шайқастарда Ресейдің адам шығыны күніне 500-1000 сарбазды құрауда», - деп бағалағын болатын. Бұл шығынға жараланғандар мен қаза тапқандар еніп отыр. Төте шабуыл басталғаннан кейін бір ай өткен соң, яғни, 10 қарашада УҚК Бас қолбасшысы Залужный: «Ресей 10 мың адамынан айырылды», - деп мәлімдеді.
Ресей КСРО секілді майдан даласында адам тағдырын шыбын құрлы көрмейтін соғыс тәсілін әлі қолданып келеді. Бірақ оны Жуковтың: «Орыс қатыны әлі талай бала тауып береді», - деген қанатты сөзі қазіргі демографиялық құрдымға түскен Ресейдің бағын жандыра қоя ма екен?
Тақырыпқа тұздық. Ұлыбританияның БҰҰ-дағы саяси координаторы: «Путин тағы 170 мың адамды соғысқа жұмылдырмақ (мобилизациялайды)», - деп мәлімдеді.
Фергус Экерслидің мәліметінше, Соғыс басталғалы-бері соғыс даласындағы Ресейдің адам шығыны 300 мыңнан асып жығылған. «Бұл КСРО-ның Ауғаныстандағы шығынынан ондаған есе көп. Ресей Үкіметі Украина майданына қыруар техникаларын ғана жіберіп жатқан жоқ, сондай-ақ, жүздеген мың адамды құрбандыққа шалып, соғысқа аттандыруда», - дейді.
Mezgil.kz