15-16 желтоқсанда Қырғыз астанасында екінші Халықтық құрылтай өтті. Оған Қырғызстанның бүкіл ауыл-аймақтарынан ұзын-ырғасы 700-ге жуық делегат қатысты.
Халықтық құрылтайды президент Садыр Жапаровтың өзі бастап өткізді. Қырғыз саяси басшылығының барлық өкілдері қатысты. Онда Қырғызстанның елішілік мәселелері талқы болды.
Президент Садыр Жапаровтың құрылтайда айтқандарының бірсыпырасы мынау болды:
«Қырғызстан құқықтық жүйеге ағылшын тілін енгізуді жоспарлап отыр. Егер біз халықаралық инвестиция нарығына шыққымыз келсе, ағылшын тілін енгізу міндет», - деді. Онан әрі: «Қырғызстанның барлық азаматтары қабылданған Конституциялық заңға сәйкес, қырғызша ойлап, қырғызша сөйлеуі керек», - деді. Елдің тұрмыс-тіршілігі туралы сөз ете келіп: «Шамамен 10 жылда елдегі кедейшілікті толық 100 пайызға болмаса да, 90 пайызға жеңеміз!», - деді.
Осыларды айтқан президент Жапаров әрі қарай өзі һәм ел үкіметі қолға алып, 2023 жылы атқарған шаруалардың есебін оқыды.
Осы жолғы құрылтайда талқы болған басты тақырыптың бірі – Қырғызстан туын өзгерту туралы бастама. Қырғыз жоғарғы Кеңесі осыған дейін ел туын өзгерту туралы мәселені қолдап дауыс берген. Жоба бойынша, Қырғыз байрағындағы күн шұғылалары иір емес, тік шашырайтын болады. Бұл бастаманы президент Жапаров та қолдаған.
Ал құрылтайда сөз алған президент Жапаров, туды түзету туралы бастаманың авторы өзі екенін айта келіп, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мысал етті.
НАЗАРБАЕВТЫ МЫСАЛ ЕТУ: ЖАПАРОВ НЕ СҰРАЙДЫ?
«Көрші өлке – Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаев отыз жыл отырмады ма, басқарып?! Сол Астана салынарда, ел астанасын көшірерде, Парламентіне келіп сұранды. Әлбетте, депутаттар қарсы шықты. «Ақмолаға көшіру деген не сөз? Ол – далиып жатқан дала. Ол жерге қала сала алмайсыз, суық», - деген. Шынында Астана ілгеріде Ақмола емес пе еді?.. Құлан итті байлап қойсаң, тұрмайтын жер. Астананың суығын білесіздер. Сол кезде Назарбаев трибунадан тұрып: «Құрметті ел-жұртым. Мен де бір дүниені ойласам керек. Бүгін туған күнім екен. Осыған сыйлық болсын, осы бастаманы қолдап беріңіздер», - деп сұраныпты. Қазақ Парламенті сонан соң барып, астананы көшіруге мақұл болған. 90-95 пайызы қолдап дауыс берді. Қазір Астананы қараңыздар, қандай қалаға айналды? Әлемнің ең алдыңғы қатарлы қалаларының бірі болды!
Енді мен «Астананы көшіремін, қала саламын», - деп сұранып жатқам жоқ. Осы желегімізді (туды) түзеткенге, мені бір қолдап беріңіздер. Мен сіздердің сұраныстарыңыздың барлығын қолдап жатырмын. Сұрамаған дүниелеріңізді де қолдап беріп жатырмын. Менің бір сұранысым – осы желекті түзету. Қолдап беріңіздер. Туды өзгертпейміз, тек түзетеміз», - деді Садыр Жапаров.
ЖАПАРОВ ОТЫЗ ЖЫЛ ЕЛ БИЛЕГІСІ КЕЛЕ МЕ?
Жапаровтың осы сөздері әлеуметтік желінің қырғыз тілді сегментінде қызу талқы болуда. Желі қолданушыларының пікірлері әралуан. «Назарбаев секілді тақта отыз жыл отырғысы келе ме?», - деген пікірлеп көп.
Айтпақшы, осы құрылтайда қызу талқы болған тағы бір тақырып – Қырғыз саяси элитасын уысында ұстап отырған екі достың арасындағы қарым-қатынастар жайы.
ТАШИЕВ ЕКЕУМІЗДІҢ АРАСЫЗҒА ОТ САЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨП...
Осыған дейін бірнеше шетелдік БАҚ Қырғыз Ұқллық қауіпсіздік қызметінің басшысы, президент Садыр Жапаровтың ең жақын досы Қамшыбек Ташиевті «Қырғыз президенттігін көздеп жүр» деп айыптаған еді. Ал Қырғызстанның қылмыс әлеміне соғыс ашып, бас серкесі – Қамшы Көлбаевтың көзін жойған соң, Қамшыбек Ташиев отбасымен Қырғыз президентінің резиденциясына қоныс аударған. Бұл жоғарыдағы гу-гу әңгімені қыздыра түскен. Бұл туралы құрылтайда сөйлеген Садыр Жапаров: «Ташиев резиденцияда тұрып жатыр. Ондай шешімді мен қабылдадым. Оның өзі мен отбасының өміріне қауіп төніп тұр. Ташиев бізге керек. сондықтан, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, резиденцияда тұруына мен рұқсат бердім.
Екеуіміздің арамызға от салғысы келетіндер аз емес. соңғы үш жылда Жапаров пен Ташиевтің арасын аалыстатуды көздегендер көбейді. Бұның барлығы бос сөздер», - деді.
Mezgil.kz