Ресей Украинадағы соғысын жалғастыруға және оккупацияны кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Германияның Bild басылымы барлау қызметінің ақпараттарына сүйене отырып жазды. Басылым мәліметінше Ресей 2026 жылға дейін соғысты жалғастырып, Харьков, Запорож және Днепр қалаларын басып алуды көздеп отыр.
Bild қазіргі уақытта Ресей әскері жаулап алған аймақтың картасын көрсетті. Картада Северодонецк, Бахмут, Мариуполь, Бердянск, Мелитополь қалалары бар.
Басылым картада 2014 жылы Ресей басып алған және сепаратистерді қозғау арқылы өз иелігіне өткізген Донецк, Қырым аймағы, Луганск қалаларын ақ жолақты түспен бояған. Ал сары түспен Ресей 2024 жылы жаулап алуға ниетті аймақты көрсеткен. Онда Лиман, Славянск, Краматорск, Покровск қалалары көрсетілген. Қызғылт сары түспен Ресейдің 2026 жылға дейін басып алуға ниетті аймақтары белгіленген, олар Харьков, Купянск, Павлоград, Днепр, Запорожье, Орехов қалалары. Осылайша Германия басылымы Ресейдің соғыста тоқтайтын жоспары жоғын жазуда.
Басылымның жазуынша Кремль 2024 жылдың соңына дейін Донецк және Луганск облыстарының әкімшілік аймағына шығуды ойластыруда. Оскол өзенінің бойына жетіп, Харьков облысына шабуылды үдетеді деп жазды.
Ал 2026 жылы Ресей әскері Днепр қаласына бет алып, Батысқа жылжиды деп болжам жасалуда. Запорож, Днепропетровск және Харьков облыстарының қалаларына шабуылды күшейте түспек дейді. Херсон аймағында қорғаныс шебін Днепр өзені бойынша құрып, Одесса мен Херсонға шабуыл жасамауы мүмкін деген болжам жасады.
«Днепр бойының шығысында барлық аумақты Ресей әскері 36 ай ішінде жаулап алуға ниетті. Ал өзен екі ел арасындағы шекара және шеп қызметін атқаратын болады. Ресейлік әскерилерге билік осындай міндет қойып отыр», - дейді басылым. Германия басылымының жазуынша Ресей әскері бұл міндеттерді орындау үшін жыл сайын 100 мың сарбаздың қаза тауып, 300 мыңы жарақат алуына да дайын көрінеді.
Сарапшылар Bild басылымының мәліметіне бей-жай қарамай, Украинаны қолдауды арттыра беру керектігін айтуда. Батыстық сарапшылар Путин билігі АҚШ-тағы сайлауды және Израиль-Хамас соғысын пайдаланып, Украинаға шабуылды үдетеді деген ойды айтуда. АҚШ-тағы сайлау Вашингтон назарын ішкі аудиторияға аударса, Израиль-Хамас соғысы әлем назарын Таяу Шығысқа аударып, Кремльге үлкен мүмкіндік беруде дейді мамандар.
Mezgil.kz