Кез келген әскердің элиталық бөлімшелері болады. Теңіз жаяу әскері сондай бөлімшелердің бірі саналады. Бұл бөлімшеге мүше болу түрлі сынақтар мен дайындықтардан кейін ғана мүмкін болмақ. Оның өзінде барлық үміткердің жолы болма бермейді. Ресей мен Украина соғысын зерттеп, арнайы мақалалар жариялап жүрген ВВС-дің орысша бөлімшесі мен «Медиазона» Ресейдің Тынық мұхит флотының 155-ші теңіз жаяу әскери бригадасының үлкен шығынға ұшырағанын анықтады.
Приморье аймағында бір ай бұрын Украина соғысында қаза тапқан теңіз жаяу әскерінің сарбаздарына арналған аллеяның ашылуы өтті. Онда 155-ші теңіз жаяу әскери бригадасының қаза тапқан сарбаздарының отбасы мүшелері де қатысты.
Әлеуметтік желі арқылы аталмыш бригаданың 234 сарбазы Украина жерінде қаза тапқаны белгілі болды. Аталмыш бригада бірінші және екінші шешен соғысында бұдан 4 есе аз шығынға ұшыраған еді. Сонымен бірге бригадаға қарасты кемі 18 офицер Украинада көз жұмған.
Алайда әлеуметтік желідегі «некрологтар» толық емес. Сол себепті журналистер сарбаздар жерленген қорымдарды аралап, тағы 155-бригаданың сарбаздары жерленген жүздеген зиратты тапты. Онда бригаданың туы орнатылған және тастұғырда аттары жазылған. Нәтижесінде қаза тапқан сарбаздар саны 234 адамнан 470 адамға жеткен. Алайда бұл да толық тізім емес дейді зерттеушілер.
Сарапшылар қаза тапқандар мен жараланғандардың қатынасы әдетте 1 қаза табушы мен 5 жарақат алушы, яғни 1/5 коэффициенті қатынасында есептелетінін айтуда. Тіпті ресейлік арналар айтып, сайттар жазғандай Ресей медицинасы жоғары деңгейде, ал жараланғандар мен қаза табушылар қатынасы 1/2 қатынасына тең деген күннің өзінде, элиталық жасақтың кем дегенде 940 сарбазының жараланғанын түсінуге болады. Алайда шын мәнінде жараланғандар саны әлдеқайда көп және олардың саны бірнеше мыңнан асып жығылады. Аталмыш бөлімшенің 42 сарбазы ресми түрде із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Украина жеріне 2022 жылы 3200 сарбазбен алғаш болып аяқ басып, Киевті алу міндеті қойылған бөлімшенің бірі осы 155-ші бригада саналады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Киевті солтүстік бағытта шабуылдаған, артынша Буча қырғынына қатысқан. Бөлімше ең үлкен шығынға Угледар маңында ұшырады. 2022 жылдың қарашасында қаланы шабуылдап, жүздеген сарбазы мен ондаған техникасынан айырылған.
Бригада әскери сарапшылардың сөзінше элита деген атаудан айырылды. Себебі ұзақ жылдар бойы дайындықтан өткен және кәсіби деңгейге жеткен сарбаздарының басым көпшілігі қаза тапқан, жараланған. Қайта жасақтау барысында біліктілігі төмен жауынгерлер қосылып, сапалық деңгейі түскен.
Mezgil.kz