Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) Қайрат Сатыбалдының қылмыстық жолмен тапқан ақшасын, елден заңсыз шығарған активтерін қайтару жұмыстары жайлы баяндады.
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдауда», - делінген хабарламада.
Антикордың мәліметінше, биыл желтоқсанда Сатыбалдының 120 млн АҚШ доллары, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын ақшасы қайтарылған. Бұл қаражат республикалық бюджетке түскен.
«Осылайша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті», - дейді Антикор.
Айта кетсек, 6 жылға сотталған экс- президенттің інісі Қайрат Сатыбалды бостандыққа мерзімінен бұрын шығуға сотқа өтініш берген. Бірақ сот оның мінез-құлқының тұрақсыздығына байланысты ерте бостандыққа жібере салуды құп көрмеді. Сатыбалдының өтінішін сот қанағаттандырған жоқ.
Mezgil.kz