Экс-тің де экс-і бар. Саяси сахнадан кеткеннен кейін жұрт жадынан шығып, «ол қай кезде болған еді» деген ойға шомдыратын биіктің лауазымды тұлғалары мен депутаттар шоғыры барлығы жасырын емес.
Десе де экс-депутат Берік Дүйсембиновтің орны бөлек. Бөлек дейтін себебіміз: Берік Дүйсембинов бұрынғы басын құмға тыққан «түйеқұс экс-депутаттардан» саяси тұрпаты мүлдем бөлек, өзіндік азаматтық позициясына қылшық жуытпайтын «экс-депутаттардың» бірі саналады.
Сіздердің талқыға экс-депутат Берік Сәлімжанұлының «Usbanov ARNASY» YouTube арнасының «Сәрсенбідегі сауал» подкастына берген сұхбатын, ондағы кеңінен көсіле айтқан ашық әңгімесін ұсынып отырмыз.
Соңғы уақыттары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ беттерінен жиі көрініп жүр. «Менің өмірім: Бодандықтан бостандыққа» атты мемуарын жарыққа шығарды. Туған інісі Болат Назарбаевтың қазасынан кейін Астанада ас беріп, кезінде өзімен қатар жұмыс жасаған, биліктің биік мінберлерінде бірге жүрген «Ескі Қазақстанның» дәу дөкейлерін жинап, жұрт алдында сөйледі. Мұны қазақ қоғамы екіұдай қабылдады. Сол туралы экс-депутат:
«Мен өз басым Болат Назарбаевтың асындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзін елге доқ көрсету деп қабылдадым. Қыр көрсету. Кешегі қаңтар үшін кешірім сұраудың орнына, қаңтардан кейін: «Мен жай ғана зейнеткермін, менің қолымнан не келеді», - деп мүсәпір болып отырған адамның: «Менің ешқандай өкінішім жоқ. Мен бәрін атқардым...», - деген ауанда айтқан сөздерін елге қыр көрсету деп қабылдадым. «Біз әлі бармыз, ешқайда кеткен жоқпыз» деген сөзі. Сол қаңтар кезінде бұрыш-бұрышқа тығылып қалған шенеуніктердің барлығының қаңтарды ұмытып, дәулеттерін әйгілеп, экс-президенттің қасында үйір-үйірімен жүруі соның айғағы», - дейді экс-депутат.
Толығырақ:
Mezgil.kz