2023 жыл әлем үшін сыйынан сыны көп жыл болды. Соғыс, қақтығыс, пандемия мен түрлі саяси-әскери ұйымдардың кеңеюі және ескі жанжалдардың қайта бұрқ ете қалуына адамзат куә болды. Сонымен өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларына қысқаша шолу жасаймыз.
ТҮРКИЯДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ
2023 жылдың 6-ақпанында Түркияда қуатты жер сілкінісі болды. Дүмпу күші 7,8 және 7,6 баллға жеткен алапат жер сілкінісі 50 мың адамның өмірін жалмады. 11 мың адам ауыр жарақат алды. Жер сілкінісі тек қана Түркия емес Сирияда да болды. Сирия аумағында 5200 адам опат болды.
Түркияның ресми билігі 105 мың ғимараттың қирандыға айналғанын жария етті, ал шығын көлемі 102 млрд долларды құрады. Бұл Түркияның ЖІӨ-нің 10-12 пайызы дейді мамандар. Түркия тарихындағы ең алапат табиғи апаттың салдары саяси алаңға да әсер етіп, президенттік сайлауда халықтың көңіл-күйін де аңғартты. Қазіргі уақытта Түркияда ауқымды сейсмикалық зерттеулер жүргізілуде. Мамандар Түркия аумағының 66 пайызы қауіпті дүмпу ошағының үстінде тұрғанын айтуда және миллиондаған халықты көшіріп, талапқа сай емес ғимараттарды қайта салу керек дейді.
НАТО-ДАҒЫ ФИНЛЯНДИЯ, ЕСІК ҚАҚҚАН ШВЕЦИЯ
2023 жылдың 4-сәуірінде Финляндия НАТО-ға ресми кіріп, 31-ші мүшесі атанды. Дәл осы күні Финляндия туы Брюссельдегі НАТО-ның штаб пәтерінде көтерілді. Ұзақ жылдар бойы әскери бейтараптық сақтаған Хельсинки Ресейдің Украинаға агрессиясынан кейін осындай маңызды шешім қабылдап, өз қауіпсіздігін НАТО-ның құрамынан көретінін аңғартты.
Еуропаның тағы бір елі НАТО-ға қосылуға үмітті. Ол - Швеция. Алайда Швецияның қосылуына Түркия және Венгрия әлі күнге өз келісімін бермеді. АҚШ пен Түркия арасында Швецияны ұйымға қабылдауға қатысты келіссөздер өтуде. Анкара АҚШ-тан F-16 ұшақтарын алуға ниетті. Ақ үй бұл бойынша келісім болатынын аңғартуда.
Сарапшылар «Финляндияның НАТО-ға қосылуы Путиннің ең ірі саяси қателігі» дейді. НАТО-да Финляндия жоқ сәтте Ресейдің НАТО-мен шекарасы 1215 шақырым болса, қазір ол 2,6 мың шақырымды құрайды.
СУДАНДАҒЫ СОЙҚАН
15-сәуірде Судандағы бірнеше жылға созылған саяси дағдарыс ашық әскери қақтығысқа ұласты, ал қантөгіс әлі жалғасуда. Ел әскері мен жылдам әрекет ету күштері арасында кескілескен шайқастар өтуде. Ел астанасы Хартум қаласының төртен бір бөлігін әлі күнге дейін жылдам әрекет ету күштері өз бақылауында ұстауда. Қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге тырысу әрекеттері сәтсіз аяқталуда. Соғыс салдарынан 750 мың адам ішкі босқынға айналған. Қарулы қақтығыста әлін күнге дейін нақты қанша адам көз жұмғаны белгісіз. Ақпарат көздері 5-7 мың арасында деген сандарды айтуда.
УКРАИНАНЫҢ ҚАРЫМТА ШАБУЫЛЫ
Украина әскері Ресей оккупациялап алған аумақты азат ету үшін 4-маусымда қарымта шабуыл бастады. Алайда қарымта шабуыл Киев ойлағандай, НАТО сарапшылары жоспарлағандай нәтижеге ұласпады. Украина әскері Запорож, Херсон және Бахмут маңында шабуылға шығып, Ресейдің мина алқаптарына, қуатты қорғаныс жүйесіне және адам ресурсын аямайтын тактикасына тап болды. О баста Азов теңізіне жету жоспарын алға қойған украин әскері міндетті іске асыра алмады, ал жыл соңындағы есеп беру кездесуінде Зеленский қарымта шабуылдың күткен нәтижеге ұласпағанын мойындады. Украина қорғаныс министрі 2024 жылы соғыс тактикасында өзгешелік болатынын ресми жариялады, соның бірі диверсиялық операциялар санын еселеп арттыруға қатысты.
Қазіргі уақытта Украина соғысы тығырықта дейді әскери сарапшылар. Ресей Авдеевка маңында шабуылын үдетуде және наурыздағы президенттік сайлауға дейін фронтта қандай да бір нәтиже көрсету үшін адам ресурсын шығын етуге де дайын.
Жыл соңында Украина әскеріне F-16 ұшақтарын беру бойынша саяси шешімнің әрекетке ұласатыны белгілі болды. Алғаш болып Нидерланды Украинаға 18 дана ұшақ жіберетінін ресми мойындады.
ВАГНЕР БҮЛІГІ
23-маусым күні «ВАГНЕР» жеке әскери компаниясының қолбасшылары Евгений Пригожиннің қолбасшылық етуімен Мәскеуге жорыққа шықты. Бүлік вагнерліктер мен Ресей қорғаныс министрлігі арасындағы бірнеше айға созылған текетірестен кейін орын алды. Пригожин Ресей қорғаныс министрлігі «ВАГНЕР» жасақтарына снаряд бермей, Бахмутта қырылуына жол ашты деп айыптаған болатын. Ал маусымның 21-күні «ВАГНЕР» лагеріне Ресей қорғаныс министрлігі тарапынан соққы жасалғаны айтылды.
Пригожин 7 мың вагнерлікпен Мәскеуге жорыққа шығып, Ростов облысының әскери нысандарын бір күнде басып алды. Артынша ол Мәскеуге аттанып, Ресей астанасына 200 шақырым қалған сәтте жорығын тоқтатты. Кейіннен «ВАГНЕР-дің» бүлігін тоқтатуға Беларусь басшысы Лукашенконың келіссөз арқылы атсалысқаны белгілі болды.
23-тамыз күні Пригожин отырған «Embraer Legacy 600» ұшағы Ресей әуе кеңістігінде жарылып, 10 адам қаза тапты. Сарапшылар Пригожиннің ажалына тікелей Путиннің қатысы барын айтуда.
ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАРАБАҚ
19-қыркүйек күні Әзербайжан қарулы күштері мен Қарабақтағы сепаратистер арасында соғыс басталды. Операция бар болғаны бір күнге созылып, армян қарулы топтарының толық талқандалуымен аяқталды. Армян ақпарат көздері әлі күнге дейін қанша армян сепаратисінің оққа ұшқанын жария етпеді. Түрлі дерек бойынша олардың саны 1800-2000 арасында. Әзербайжан операция барысында 192 сарбазының опат болғанын айтып, тізімін жариялады.
Қақтығыстан кейін Арменияға Қарабақтағы 105 мың армян кетті. Армения билігі Қарабақтан келген армяндарға бір реттік 260 доллар төлеуді 1-қазаннан бастайтынын айтты. Сонымен бірге 6 ай бойы ай сайын 130 доллар төлеу туралы шешім шығарды.
28-қыркүйек күні Таулы Қарабақ Республикасы деп аталатын квазимемлекеттік мойындалмаған құрылымның президенті саналған Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап республиканы тарату және оның барлық органдарын таратуға қатысты жарлыққа қол қойды. Осылайша Қарабақ Әзербайжанға түбегейлі қайтарылды.
ХАМАС-ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫ
7-қазан күні Газадағы ХАМАС жасақтары Израиль аумағына өтіп, бірнеше әскери нысан мен елді-мекендерге шабуыл жасады. Бұл Израиль барлау қызметі тарихындағы ең үлкен сәтсіздік деп бағалануда. ХАМАС өз операциясын «Әл-Ақса бораны» деп атады.
Жауап ретінде Израиль Газа аймағын бомбалап, «Темір қылыш» операциясын өткізуде. Газадағы бомбалау салдарынан 20 мың адам қаза тауып, 55 мың адам ауыр жараланған, ал 6 мыңға жуық адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. 2 млнға жуық Газа тұрғыны ішкі босқынға айналды. Халыққа азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек жетіспеуде.
Ал Израиль 1400-ге жуық адамынан айырылды, оның 400-ге жуығы әскерилер.
ХАМАС пен Израиль қақтығысы аймақтағы өзге де әскери ұйымдардың Израиль аумағына шабуыл жасауына ұласты. Израильдің солтүстігіндегі Ливан аумағынан Хезболла жасақтары шабуыл жасаса, Йемендегі хуситтер Израиль аумағын бірнеше мәрте зымыран және дрондармен атқылады.
Хуситтер Израиль аумағына бет алған барлық кемені атқылайтынын айтып, Қызыл теңіз арқылы кемелердің қатынауына кедергі келтіруде. Әлемдегі ірі жүк таситын логистикалық компаниялар Қызыл теңіз аумағынан тыс бағыттарды таңдауда.
Mezgil.kz