Украина әскері араға ұзақ уақыт салып, оккупациядағы Қырымға шабуыл жасады. Қырымдағы Феодосия портына жасалған соққының жоқйын болғаны сондай, порт маңындағы ғимараттардың терезелері мен есіктері жарылыс толқынынан тас-талқан болған. Әлеуметтік желіде жарылыстың видеосы мен фотосы лезде тарап кетті. Желі қолданушылары «сұмдық-ай, неткен жарылыс» деп түрлі фото-видеоны жүктеуде.
Ақпарат көздері портқа зымыран соққысы жасалғанын айтуда. Соққының іске асқанын оккупациялық билік өкілі, Қырымның заңсыз басшысы саналатын Сергей Аксенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында растады.
Украинаның Әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещук шабуылды растап, Ресейдің Феодосиядағы «Новочеркасск» десанттық кемесі жойылғанын айтты. Ол аталмыш операцияны іске асыруға атсалысқан арнайы күштерге де алғыс білдірді. Ресей Украинаның күздегі бірнеше шабуылынан кейін Севастопольдегі кемелерін Феодосияға әкеткен болатын. Феодосия порты мен майдан даласының арақашықтығы 240-260 шақырымды құрайды.
Соғыс шығындарын зерттейтін OSINT орталығы 24 желтоқсандағы ғарыштық түсірілімде 775 жобасына сай келетін кеменің портта болғанын жазды. Бұл «Новочеркасск» десанттық кемесі жойылды деген ақпараттың жаны барын білдіреді.
Украина шабуылды қанатты зымырандардың көмегімен іске асырған. Бұған дейін Киев Қырымдағы әскери нысандарды Storm Shadow зымырандарымен атқылап келген. Бұл жолы шабуылда нақты қандай зымыранның қолданылғаны белгісіз. Жарылыс қуатына қарап кемеде оқ-дәрі болуы ықтимал дейді сарапшылар.
«Новочеркасск» десанттық кемесі бұған дейін де шабуылға ұшыраған болатын. 2022 жылдың наурызында Бердянск маңында зымыран тиіп, істен шыққан еді. Артынша кеме күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан Ресейдің әскери флотына қосылды. Бердянск портына жасалған сол шабуылда Украина «Саратов» десанттық кемесін де жойған болатын. 2023 жылдың тамызында Украина теңіз дрондарының көмегімен «Оленегорский горняк» десанттық кемесін суға батырды.
«Новочеркасск» десанттық кемесі «775 жобасы» аясында жасалды. Кеме десанттық күштерді жеткізу, ұрысқа қатысу функцияларын атқарады. Кеме бір мезетте 480 тонна жүкті тасымалдауға қабілетті. Кеменің экипажы 100 адамнан асады. Кеме құны жүздеген миллион доллардан асып түседі.
Mezgil.kz