АҚШ билігі Таяу Шығыстағы соғыс ауқымының кеңеюіне дайындалуда. Бұл туралы Politico басылымы Байден әкімшілігінің ақпаратына сүйене отырып жазды.
АҚШ 2024 жылы Таяу Шығыстағы қақтығыстар ауқымы әлдеқайда ұлғаяды деп болжауда. Соңғы күндері Ирак, Ливан және Иранда бірнеше жарылыстар мен лаңкестік ұйымдардың шабуылдары болды. Бұл шиеленістерді ушықтыра түсті.
«Вашингтон Газа секторындағы қақтығыс ауқымы географиялық негізде басқа да елдерге жайылып кетуінен қауіптенген, алайда Ақ үй болжаған ең қауіпті сценарий шындыққа айналатын сияқты», - дейді басылым. Басылымның жазуынша 2024 жылы Таяу Шығыста ХАМАС, Израиль, Хезболла, хуситтер мен өзге де әскери күштер қан-қасап шайқасқа түсіп жатпақ.
Politico басылымы қазіргі таңда АҚШ билігі әскери жоспар құрып, Йемендегі хуситтерге соққы жасаудың нысандарын белгілеп жатқанын айтады. Ал АҚШ-тың сыртқы барлау қызметі Ирак және Сирия аумағындағы әскери базаларға ирандық күштердің шабуылын тойтару жоспарын бекітуде.
Басылым АҚШ пен Иран арасында бейресми келіссөздер жүріп, қақтығыстың алдын алуға тырысқанын жазды. Алайда келіссөздер сәтсіз аяқталған, ал Ирак, Сирия аумағындағы АҚШ әскери базаларына жасалған шабуылдар саны күн санап артуда. 7-қазаннан бері Ирак пен Сирия аумағындағы АҚШ-тың әскери базаларына 140-тан астам зымыран және дрон шабуылы болған. Әскери сарапшылар Байденнің хуситтерге әлі күнге дейін нақты соққы беру бұйрығын іске асырмағанын түсіне алар емес. Олар "Байден шешімді шегерген сайын хуситтер, Иран және Ресей күшеюде, ал Байденнің сайлаушылар арасында рейтингі түсуде" дейді.
Politico-ның жазуы бойынша Таяу Шығыстағы қақтығыстардың ауқымды соғысқа ұлғаю қаупі шындыққа айналудың алдында тұр. «Байден үшін бұл тиімсіз сценарий және Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстарды бірдей қару-жарақпен қамтамасыз ету қиынға соғып, сайлауда Байденнің жеңу мүмкіндігі азаюы ықтимал. Таяу Шығыстағы ауқымды соғыстарды Ресей қалап отыр», - дейді басылым.
Mezgil.kz