Германиядағы оппозициялық Христиан-демократиялық одағының төрағасы Фридрих Мерц ел канцлері Шольцқа үндеу жасап, Украинаға қанатты зымыран Taurus-ты беруді жылдамдату керектігін айтты. «Бұл Украинаға біздің тараптан жасалған өте қуатты қолдау болар еді» дейді Мерц. Ол бұл туралы ойын Rheinische Post басылымындағы сұхбатында айтқан, артынша видео үндеуін 9-қаңтарда жария етті.
Германияның ең ірі оппозициялық партиясының бірі саналатын ХДО басшысы Шольцтан нақты шешім қабылдауды талап етуде. Екі күн бұрын Германия канцлері әлем елдеріне үндеу тастап, Украинаны қолдауды еселеп арттыруға шақырған болатын. «Шольц жақсы үндеу тастады. Біз оны қолдаймыз. Сонымен бірге бұл үндеу тек әлем елдері емес, Германияның өзіне де бағытталуы тиіс. Ал оның нақты шешімі қанатты зымырандарды берумен аяқталуы қажет. Киевке зымыранды беріп, Қырым көпірін жоялық. Көпір тек әскери мақсатта емес, оккупация нышанына айналды», - дейді Мерц. «Үндеу тастау бір бөлек, сол үндеуді өз мысалыңда іспен көрсету бір бөлек» дейді саясаткер.
Ол Украинаны қолдаудан бөлек, Швецияны НАТО-ға қабылдауды жылдамдату үшін, әрекетті арттыру қажеттігін айтты. Түркиямен келіссөз жүргізіп, Венгрияны көндіру керек деген ойда.
Шольц қаңтардың басында ЕО елдеріне қайырыла үндеу жасап, Ресейге қарсы соғыста Украинаны көбірек қолдайық деген болатын. «Қазіргі уақытта ЕО елдері Украинаға берген және беруді жоспарлап отырған қару тым аз. Киевке қанша қару керек болса, сонша қару беруді сұраймын. Бұл басқыншы саясатты тоқтатудың жалғыз ғана жолы», - деген еді Шольц Берлинде өткен Люксембург премьерімен кездесу барысында.
Шольц Taurus зымырандарын Украинаға беру мәселесінде солқылдақ позиция танытуда. Бұған дейін танк, әуе қорғаныс жүйелерін берген Германия канцлері, зымыран беру Ресеймен болатын қақтығысты жақындатуы мүмкін деп санайды. Неміс БАҚ-тарының жазуынша Taurus зымырандары Ресейдің ірі қалаларына да жетіп, қуатты соққы жасауға қабілетті. Сәйкесінше Германия канцлері зымыранды қолдану шиеленісті арттыруы ықтимал деп қауіптенеді.
Taurus зымырандары 300-500 шақырым аралығындағы нысанды жоюға қабілетті. Заманауи әуе қорғаныс жүйелерін айналып өту мүмкіндігі бар және көпір мен бункерді жоюда эффективті қару саналады. Сарапшылар Украина қолына аталмыш зымыран түссе, Киев бірден Қырым көпіріне соққы жасауға тырысады деп санайды.
Берлин қанатты зымырандарды беру мәселесінде әлі нақты шешім қабылдамады. Ал АҚШ БАҚ-тары Солтүстік Корея мен Иран қазірдің өзінде Ресейге қуатты зымырандарды бергенін айтуда.
Mezgil.kz