Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» айналасында тағы да дау туды. Актер Қуандық Дүйсенбаев киностудияның аумағын соңғы кездері қытайлық көліктер қаптағанын айтып, шағымданған.
Оның айтуыншы, киностудия басшысы Азамат Сатыбалды соңғы уақыттары қытай автокөліктерін жарнамалап жүрген. Сәйкесінше жарнамасындағы көліктерге ұқсас қытай көліктерінің киностудия маңында қаптап кеткен. Актер КТК арнасына берген пікірінде тек көліктерді ғана емес, «Қазақфильмдегі» басқа да проблемаларды ашық айтқан.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
«ҚАЗАҚФИЛЬМ» ЖӘНЕ ҚЫТАЙ КӨЛІКТЕРІ
«Ер жігіт ер жігітті даттамайды, күндемейді. Мен Азамат Сатыбалдының артына түсіп алған азамат емеспін. Өзім осы киностудияда 12 жылдай қызмет етемін. Қазіргі киностудияның жағдайы мүшкіл болып тұр. Оған тікелей басшы кінәлі. Павильонның бағасын 250 пайызға көтеріп жіберді. Бұрын 200 мың теңге еді, қазір 750 мың теңге болды. Ал жалға алуда шаршы метрін 100 пайызға көтерді», – деді Қуандық Дүйсенбаев.
Айта кетсек, Сатыбалды қытай көліктерін сатып алуға қатысты соңғы уақытта жиі сторис салып, пост жариялап жүр.
«Білдей басшы. Үлкен басшы автокөлік жарнамалап жүр. Киностудияның штаттағы азаматтардың 20-30 пайызын ақысыз демалысқа жіберді.Себебі ақша жоқ дейді. Бірақ киноға қатысы жоқ, өндірісте жұмыс істемеген азаматтарды өзінің командасына алып келді. Қазір вице-президент Назым Есенбековна деген кісі отыр. Кинода бір минут та жұмыс істемеген. Бұл кісінің саясаты, жалпы өсірмеу, киностудияны өшіру ғой деймін», – деді актер.
Азамат Сатыбалды да көп күттірмей бұл дау-дамайға байланысты жауабын берді. Ол бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда «ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі» дейді. Мұндай қадамға баруына қарамағындағы 178 адамның жалақысын төлеуі түрткі дейді. Расында, киностудияның бюджеті тапшы екенін мойындады.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
АЗАМАТ САТЫБАЛДЫ НЕ ДЕЙДІ?
«Қазақфильмнің» президенті ретінде менің басты міндетім — 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға беремін бе, өзімді сатамын ба, жоқ әлде басқа да жұмыс істеймін бе, менің міндетім. Сондықтан да барынша осындай жұмыстар арқылы 178 адамның айлығын тауып беруім керек. Бұл – кәдімгі таксопарк. Бұл жерде ешқандай да көлік сатылмайды. Бұл автосалон емес», – деп мәлімдеді «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалды.
Сатыбалдының сөзінше, оның әрекетінде заңға қарсы ештеңе жоқ. Дегенмен ол келісімшартқа отырған компаниядан «Қазақфильм» бюджетіне қанша ақша түседі, деген сұраққа жауап бермеген.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
МИНИСТР АИДА БАЛАЕВА НЕ ДЕЙДІ?
Кейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы оқиғаға байланысты пікірін жариялады.
«Қазақфильм» айналасында болып жатқан мәселелер жайында айта кеткім келеді. Шынында да, қазір біз айналысып жатқан жүйелі мәселелер бар. Осыған байланысты ұйымдастыру және заңнамалық шаралар қабылданатын болады. Аты аңызға айналған «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқы көп ұзамай оралатынына сенімдімін. Алдағы уақытта сапалы фильмдер түсіріп, көрерменді қуанта береді деп ойлаймыз», - деді министр.
Айта кетсек, «Қазақфильмнің» айналасында көп жылдан бері оқтын-оқтын дау шығып келеді. Былтыр қарашаның 15-күні Антикор Шәкен Айманов атындағы Қазақфильмнің бұрынғы президентінің қылмыстық әрекетін әшкереленген.
2015-2019 жылдар аралығында Қазафильмді Бақыт Қайырбеков басқарған.
Қарашаның соңында Алматы прокуратурасы да Қазақфильмге бюджеттен бөлінген 400 млн теңгенің қолды болғанын анықтағанын жариялаған. Бұл іс кино студияаны Ақан Сатаев басқарып тұрған кездегі жобаға қатысты.
Mezgil.kz