Самат Әбішке қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
«Самат Әбішке қатысты аталған қылмыстық іс аясында оған елден кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды, ол қазір Қазақстанда», - деп толықтырды Бас прокуратура.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпия мәліметтер бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.
Бұдан бұрын Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдалану дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған еді.
Самат Әбіш Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ол 2015 жылдан бастап ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін орнынан босатылды.
Сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин қызметтен босатылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Барлығы Қазақстандағы қаңтар оқиғалары кезінде мемлекетке опасыздық жасау және билікті күштеп басып алу әрекеті бойынша ұзақ мерзімге сотталды. Ал Самат Әбіш қаңтардағы тәртіпсіздіктерді тергеу кезінде тек куәгер ретінде ғана шақырылған еді.
Еске салайық, 2022 жылдың қаңтар айында Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты басталған бейбіт митингілер бүкіл республиканы қамтып, арты экономикалық және саяси талаптар қойған жаппай наразылықтарға ұласты. Әкімшілік ғимараттар, дүкендер, полиция бөлімшелері қирады. Ресми дерек бойынша, 220-дан астам адам көз жұмды.
Mezgil.kz