Ресейдің авиациясы үшін бүгін «қаралы күн». Сарапшылар солай дейді. Себебі Украина Ресейдің екі бірдей ұшағын атып түсірді. Бұған дейін Украина бір мезетте Мәскеудің бірнеше ұшағын жойған сәттер аз емес, алайда бұл жолы аса маңызды ұшақты құлата білген.
Күні кеше ақпарат көздері Украинаның ресейлік А-50 ұшағы мен Ил-22М басқару пунктісі болып табылатын ұшағын атып түсіргенін жазды. Ақпаратты о баста украин, артынша ресейлік әскери сарапшылар таратты.
Украинаның қолбасшысы Залужный кейіннен ақпаратты растады. «Украинаның әуе қорғаныс күштерінің жауынгерлері жаудың екі ұшағын жойды. Оның бірі А-50 барлау ұшағы болса, екіншісі Ил-22М басқару пункті болып табылатын ұшақ. Бұл тамаша нәтиже», –деді ол. Залужный Азов теңізі маңындағы операцияны іске асыруға атсалысқан арнайы жасақ сарбаздарына алғыс айтты.
Батыс барлау қызметтері А-50 ұшағының жойылғанын, ал Ил-22М ұшағы зақымданған күйі Ресей бақылауындағы әуежайдың біріне қона білгенін айтуда.
А-50 – кеңестік кезеңде шығарылған ұшақ. Ұшақ алыс қашықтыққа барлау жүргізу мүмкіндігіне ие. Ұшақ радар жүйесімен қамтамасыз етіліп, қарсыластың нысанын анықтау үшін барлау жасап, қарсы шабуыл сәтінде ескерту беру функциясын атқарады. Ресми деректер Ресейде аталмыш ұшақтың онға жетпейтін данасы қалғанын айтады. Ұшақ құны 250-330 млн доллар арасында.
АҚШ-тың Military Watch Magazine басылымы А-50 ұшақтары әуеде бір мезетте 300 нысанды анықтап, ақпаратты бір сәтте 40 жойғыш ұшаққа жібере алатынын жазды. Яғни нысанды тауып, ол жайлы деректі жойғыш ұшақтарға береді.
Әскери сарапшы Вадим Мингалев Ресейдің С-400 «Триумф» зымыран кешені мен А-50 ұшақтары бірлесе операция жүргізген сәтте, қарсылас нысанына тура соққы жасау мүмкіндігі артатынын айтқан болатын. Украина қос ұшақты қандай қарумен атып түсіргені белгісіз. Сарапшылардың басым бөлігі «Patriot» зымыран кешені қолданылды деген ойда.
Mezgil.kz