Путин келіссөз сұрап, АҚШ-қа сигнал жіберді. Украина не дейді?

Bloomberg: «Путин Украина бойынша келіссөздерге дайын екендігі туралы белгі беріп жатыр», - деп жазды.

1706264440681520.jpg

Басылым ақпаратынша, Путин Киевтің бейтарап мәртебесін талап етуден бас тартуға дайын. Тіпті, Украинаның НАТО-ға қосылуына да мақұл. Есесіне, Киев Ресейдің жаулап алған «жаңа территорияларын» мойындауы тиіс. Соның ішінде, Украинадан тартып алған территорияларды да.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Bloomberg агенттігіне «Мәскеу «келіссөздерге ашық» екенін және өз мақсаттарына дипломатиялық жолмен жетуді қалайтынын» айтқан.

Владимир Путин бейресми арналар арқылы АҚШ-қа Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерге дайындығы туралы дабыл жіберуде, деп жазады Bloomberg Кремльге жақын дереккөздерге сілтеме жасай отырып. Бұл сигналдар желтоқсан айында АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктеріне жіберілген. Алайда, басылым Кремльдің бұл хабарларын АҚШ саяси басшылығына кім жеткізгенін жазбаған.

Кремльдің талабын жоғарыда жаздық.

АҚШ: УКРАИНА КЕЛІССӨЗДІ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗУДІ ӨЗІ ШЕШЕДІ

Басылым Ресей өкілінің пікірін жариялаған. Онда: «Біз өз мақсаттарымызға жетуге бел буып отырмыз. Мұны дипломатиялық жолмен жасағанды жөн көреміз. Егер болмаса, онда әскери операция өз мақсаттарымызға қол жеткізгенге дейін жалғасады», - делінген.

Bloomberg сауалдарына жауап берген АҚШ-тың бірнеше шендісі бұл жіберілген «сигналдар» туралы ештеңе білмейтінін айтып: «Бұл Ресей тарапының «тамыр басып көру» қадамы болуы мүмкін», - деп болжаған.

Олар сондай-ақ Путиннің ұрыс қимылдарын тоқтатудың жолдарын іздеуге дайын екендігінің ешбір белгілері жоқ екенін атап өткен.

«Біз Ресей позициясындағы сипатталған өзгерістер туралы білмейміз. Украина Ресеймен келіссөздерді қашан және қалай жүргізуді өзі шешеді», - деп мәлімдеді агенттікке АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Эдриенн Уотсон.

1706264212166214.jpg

РЕСЕЙ СІМ-І: «БІЗ КЕЛІССӨЗДЕР ЕШҚАШАН ҚАШҚАН ЖОҚПЫЗ!»

Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Bloomberg басылымына түсініктеме бере отырып, Ресей ешқашан келіссөздерден бас тартпағанын, бірақ бұл дауға Лондон мен Вашингтонды тартуға қарсы екенін мәлімдеді.

Путиннің Украинадағы соғысты тоқтатуға мақұл екені туралы АҚШ-қа белгі бергенін The New York Times басылымы да жазыпты. Басылымның ақпаратынша, Путин сигналды желтоқсан айында берген.

Бұрынғы ресейлік шенеунік Путиннің «шынымен де қазіргі позицияларға тоқтауға дайын» екенін растап сөйлеген. «Алайда Путин осы тоқтаған жерден «бір метрге де шегінгісі келмейді», - деп жазады NYT.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар