Башқұрттар: Халқымызды Ресей билігінің жазасынан құтқаруды сұраймыз!

Өткенде Ресейдегі Башқұрт жұрты бір көтерілді, білесіздер. Белсенді Фаил Алсыновты «қара халық» деген сөзін сылтау етіп, 4 жылға бас бостандығынан айырған еді. Осыдан соң башқұрт халқы өре-тұрегеліп, наразылық акияларына шықты, бірнеше күн қатарынан. Тіпті, полициямен қақтығыстар орын алды. Ондаған адам тәртіп бұзды деген айыппен тұтқындалды.

1706266394562183.jpg

Бірнеше күн қатарынан болған бұл наразылыққа әр жолы 5-10 мың арасында адамнан қатысып отырды. Бұл өз кезегінде жалпы Ресей құрамындағы этникалық азшылыққа жатқызылатын ұлттардың Кремль режиміне наразылығының иллюстрациясы іспетті болды.

Жуырда шетелдегі башқұрт ұлттық қозғалысының комитеті Біріккен Ұлттар Ұйымы, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Кеңес, әлемдік құқық қорғау ұйымдары, елдердің көшбасшылары, тәуелсіз медиа құралдары сияқты әлемдік қауымдастықтарға жүгінді.

Біз аталған Үндеуді оқырман талқысына ұсынғанды жөн көрдік. Мархабат...

ҮНДЕУ

Бүгінде Башқұртстан Республикасында башқұрт ұлтына қарсы жаппай репрессия жүріп жатыр. Мұның себебі, белгілі қоғам қайраткері, башқұрт халқының құқығын қорғаушы, башқұрт тілі мен мәдениетінің жанашыры, экологиялық белсенді Фаил Алсыновты башқұрт халқының бірауыздан қолдап-қолпаштауы. Қайраткерге жалған айып тағылып, 4 жылға сотталды.

Қылмыстық іс қозғауға арызды Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров өз қолымен жазды.

1706266466213280.jpg

Фаил Алсыновты қудалау мен айыптаудың нақты себептері мыналар: Қоштау тауы мен башқұрт Орал жерлерінің табиғи ресурстарын қомағайлана игеруден қорғаудағы белсенді ұстанымы; башқұрттардың ана тілінде сөйлеу және білім алу құқығын қорғауы; соғысқа қарсы ұстанымы; сөз бостандығы үшін күресі; башқұрт ұлтының және Ресейдің басқа халықтарының өзін-өзі тану құқығын қорғауы.

Фаил Алсыновты қолдау үшін Баймақ қаласында жиналған қарусыз бейбіт тұрғындарды 2024 жылғы 17 қаңтарда қауіпсіздік қызметкерлері ұрып-соққан. Олар халыққа қарсы көзден жас ағызатын газ, жарық пен шу гранаталары қолданды, таяқтады. Көптеген бейбіт тұрғын жараланды.

Фаил Алсыновты қолдауға арналған келесі бейбіт шеру 2024 жылдың 19 қаңтарында Уфа қаласында өтті. Жиналғандар халық әндері мен билерін орындады. Бірақ қауіпсіздік қызметкерлері күш қолданып, халықты таратты.

2024 жылдың 15 қаңтарынан бастап Федералды қауіпсіздік қызметі мен ІІМ наразылық білдірушілерді қудалай бастады. Үйлерге басып кіріп, есік, терезелерді қиратып, ордерсіз тінту жүргізді. Ресей Федерациясының Конституциясы бейбіт шеруге кепілдік бергеніне қарамастан, адамдарды жаппай қамады.

Бүгінгі таңда 120-дан астам адам ұсталды, 20-дан астам адамға қылмыстық баптар бойынша айып тағылды, тергеліп жатыр. Кейбір ұсталған азаматтардың қайда екені белгісіз. Ұсталғандардың тізімі күн сайын артып келеді.

Қамауға алынғандар өз құқығын қорғау үшін заңгерлік көмек пен білікті адвокаттарға зәру. Көптеген адвокаттар бұл істерге биліктің қысымынан қорқып жоламайды, ал келісетіндер өте көп ақша сұрайды.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары қоғам қайраткерлері мен белсенділері қаралап, теледидардан өтірік ақпарат беріп жатыр.

Биліктің көзқарасына келіспейтіндер мен республикадағы оқиғалардан шынайы хабар тарататындарға билік қысым көрсетеді. Соңғы күндері тіпті республика аумағында интернетті өшіріп тастау байқалды. Бұл тұрғындар үшін өте қауіпті.

Біз билік пен Федералды қауіпсіздік қызметі тарапынан қудалауға ұшырағанын атап өткіміз келеді:

Башқұрт халқының құқығын қорғаушылар, эко-белсенділер, әртістер, блогерлер, наразылыққа шыққан немесе әлеуметтік желілерде өз пікірін білдірген қарапайым адамдар, Фаил Алсыновтың қатаң үкімімен келіспейтіндер.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымынан, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық кеңестен, ел басшыларынан Ресейді Башқұртстанда жүргізген қуғын-сүргін және халық құқығын жаппай бұзғаны үшін айыптауды сұраймыз! Біз Ресейдің осы террористік билігін тоқтатуды сұраймыз!

Біз әлем үкіметтерінен башқұрт белсенділеріне жеңілдетілген процедура бойынша саяси баспана беруін сұраймыз. Олардың көпшілігінде шетелдік төлқұжаттар жоқ. Сондай-ақ азаматтар Ресей Федерациясының атынан шетелге кіруге рұхсат сұрағанымен, одан бас тартатыны белгілі.

Шетелдегі башқұрт ұлттық қозғалысының комитеті кез-келген мемлекеттің өтініші бойынша белгілі бір жеке тұлғаның қоғамдық қызметке қатысуын растауға немесе жоққа шығаруға және қажет болған жағдайда тиісті ақпарат беруге дайын.

Біз халқымызды Ресей билігінің жазасынан құтқаруды сұраймыз!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар