Польша билігі Германиядан тағы да өтемақы талап етті. Польшаның жаңа СІМ басшысы Радослав Сикорский Германияға сапары барысында соғыс жылдарындағы зауалға байланысты өтемақы төлеу тақырыбын тағы көтерді. Ол бұл туралы Германия СІМ басшысы Анналена Бербокпен кездесуде айтты.
Польшаның СІМ басшысы Радослав Сикорский Welt TV-ға сұхбат беріп, «Германияның екінші дүниежүзілік соғыста Польшаға жасаған қылмысы сұмдық еді» деп мәлімдеді. Ол «бұл қылмысты ұмыту мүмкін емес, алайда зардап шеккен кезеңнің өтемі ретінде репарация болуы шарт» деп санайтынын айтқан.
Польша бұл істе Германиямен қатынасты суытпайтынын, шешімді бірлесе табу керектігін мәлімдеді. Берлин мен Варшава бұл мәселеде әлі бір нақты шешімге келген емес. 2022 жылдың 1-қыркүйегінде, соғыстың басталғанына 83 жыл болған сәтте Польша парламенті Германияның шабуылының шығынын есептеп, жария етті. Шығын қазіргі қаржымен 1,3 трлн еуроны құрады. Польшаның сол сәттегі «Заң және әділдік» атты билеуші партиясының басшысы Ярослав Качиньский «Германия бұл шығынды өтеуге қабілетті» деп мәлімдеді.
Анналена Бербок 2022 жылы Польшаның өтемақы төлеуге қатысты талабына жауап қатып, «Германия тарихи қылмыс үшін жауапкершілігін жақсы сезінеді, алайда өтемақы төлеу тақырыбы жабылған» деген еді. 1953 жылы Польша Халықтық Республикасы мәлімдеме жасап, 1954 жылдың 1-қаңтарынан бастап Польша әскери репарацияға қатысты талап қоймайтынын жария етті. Алайда қазіргі Польша билігі ол шешімді мойындамайды және репарациядан «поляк халқы емес, КСРО қысымындағы және оккупациясындағы билік бас тартты» деп санайды.
2023 жылдың қаңтарында Польшаның бұрынғы СІМ орынбасары Аркадиуш Мулярчик Германияға өтемақы төлету үшін БҰҰ-ға арызданып, халықаралық сотқа жүгінетінін айтқан болатын.
Mezgil.kz