Әзербайжанның әлеуметтік желісінде «Каспийдегі жарылыстар жер сілкінісін тудырады» деген қауесет желдей есіп тұр. Шындығында Каспийде жарылыс жасалуда ма? Ұлыбританияның British Petroleum (BP) компаниясы Әзербайжандағы Азери-Чираг-Гюнешли газ және мұнай қоры топтасқан аймағында сейсмикалық барлау жұмыстарын бастады. Бұл British Petroleum тарихындағы ең ірі барлау жұмыстары саналады.
Азери-Чираг-Гюнешли мұнай және газ қоры топтасқан аймақта соңғы жылдары мұнай көлемі еселеп азайып кеткен. British Petroleum 23 қаңтарда барлау жұмыстарын бастап, оны 5 жыл бойы іске асыратынын айтты. Барлау құны компанияға 370 млн долларға түспек.
Барлау жұмыстарын «Каспий Гео» мердігері іске асырады. Ол 4D технологияларын қолданатын болады, ал барлауға «Муровдаг» және «Губа» арнайы кемелері қатысуда. Сейсмикалық барлау су астындағы жарылыстарды жасау арқылы іске асады. «4D» технология барлау барысында теңіз түбінде қанша мұнай қоры қалғанын нақты анықтау үшін қажет.
Азери-Чираг-Гюнешли газ және мұнай қоры аймағынан ресурсты өндіру 1997 жылы басталды және 2010 жылы күніне 835 мың баррель өндіру арқылы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал 2011 жылдан кейін керісінше өндіріс азая түсті. 2023 жылы күндік көрсеткіш 368 мың баррельді құрады. Бұл Әзербайжанның да, British Petroleum-нің де табысын азайта түсері анық. Әзербайжанның бюджеті мұнайға негізделгендіктен, мұнай өндірісінің азаю Баку үшін тиімді емес.
Азери-Чираг-Гюнешли аймағы табиғи газ қорына да бай. Әзербайжанның газы мен мұнайы қазіргі уақытта Еуропа елдері үшін де маңызды және аталмыш елден келетін мұнайдың көлемін арттыру ЕО үшін қажет.
Сарапшылар барлау жұмыстарындағы жарылыстар ешқандай да жер сілкінісін туындатпайтынын және қауіпсіз екенін айтуда. Жарылыстың жасалғанын тұрғындар тіпті сезбейді де. Оны барлау жұмысын жүргізетін топ қана біледі және бақылайды. Сонымен бірге кеме қатынасы мен мұнай өндіруге де кедергісі жоқ.
Mezgil.kz