Пентагон Украинаға басқарылмалы GLSDB ақылды бомбаларын бергенін растады. Бомбаны қашан жеткізгені белгісіз. Бұған дейін АҚШ-тың Politico басылымы аталмыш бомбаларға қатысты жазған еді және Киевке берілетіндігін айтқан болатын.
АҚШ Украинаға аталмыш бомбаны беру туралы шешімді 2023 жылдың ақпанында қабылдады. GLSDB (Ground Launched Small Diameter Bomb) – АҚШ-тың Boeing және Швецияның Saab компаниялары бірлесе жасаған жаңа бомба түрі саналады. Аталмыш қару әлі АҚШ қарулы күштеріне берілген емес, ал Украина соғысы бомбаның ұрыс жағдайында сыналған алғашқы майданы болмақ. Жаңа бомба түрі бір жыл сынақтан өтіп, Украинаға жіберу шешімі іске аса бастады.
Politico басылымының мәліметінше GLSDB бомбаларының алғашқы партиясы Украинаға 31-қаңтарда келіп жетуі мүмкін. АҚШ-тың әскери сарапшылары бұл қару түрі Украина әскеріне ұрыс даласында көбірек маневр жасауға мүмкіндік беретінін айтуда. Бомбаны жасаушы компания қарудың 150 шақырымдағы нысанды жоюға мүмкіндік беретінін айтты. Украина жаңа бомбаны HIMARS немесе М270 зымыран жүйесі арқылы қолдана алады. Бомба атылған соң, әуеде қанаттары ашылып, нысанаға түрлі траектория арқылы ұшып жетеді.
Бомба нысанға дәл тию үшін оған навигация орнатылған. Сонымен бірге электронды кедергілерді еңсеру жүйесі жетілдірілген. Қазіргі уақытта Украина HIMARS арқылы негізінен 80 шарымдағы нысанды жоюға қабілетті, ал жаңа бомба бұл қашықтықты екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. GLSDB бомбаларының құны қымбат емес. Қаруды жасап шығушылар бомба құны 45-60 мың доллар арасында екенін айтуда. Бұл жеткізу құны мен мерзіміне байланысты бағасы осы аралықта болмақ.
(Ресей тарапы жасаған GLSDB бомбасы жететін қашықтық картасы)
Бомбаның Украинаға жіберілгенін АҚШ-тың МемХатшысының орынбасары Виктория Нуланд та растап отыр. Ол Киевке жасаған сапары барысында «жаңа бомбалар ұрыс даласына аттануға келе жатыр» деді.
Украина сарбаздары бұл бомбаны ұрыс даласында қарсыластың жаяу әскері мен техникасына қарсы қолдануға ниетті. Қырымды атқылау мүмкіндігі де арта түсетінін айтуда. Белгородтағы әскери нысандарға шабуылды арттырамыз дейді Украина қарулы күштері.
Ресей Қорғаныс министрлігі аталмыш бомбаны қағып түсіру қиындық тудырмайтынын айтуда. Тіпті 2023 жылдың көктемінде бірнеше данасын атып түсіргенін хабарлаған болатын. Алайда ол сәтте бұл бомба әлі сынақ алаңында болып, Украинаға жеткізілмеген еді.
Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов болса бұл қару жағдайды тіпті ушықтырады деп отыр. «Алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті қарудың ұрыс даласына аттануына қатысты ақпаратты Вашингтон жария етті. Бұл Ақ үйдің қақтығысты аяқтауға қатысты ниетінің жоқ екенінің көрсеткіші», - дейді ол.
Mezgil.kz