Ресей азаматтығынан тағы бір олигарх бас тартты. Әлішер Усмановтың бұрынғы серіктесі, кәсіпкер Василий Анисимов Ресей азаматтығынан бас тартқан жетінші миллиардер саналады. Forbes ұсынған ақпараттарға назар аударсақ, Анисимов Ресей азаматтығынан 2022 жылы қыркүйек айында бас тартқан, алайда ол жайлы ақпарат енді ғана белгілі болып отыр.
Қазіргі таңда кәсіпкер Швейцарияда тұрып жатыр. Онда Доминикан және Хорватияның азаматтығы бар. Доминикан азаматтығын кәсіпкер 90-жылдары 60 мың долларға сатып алғанын сұхбаттардың бірінде айтқан болатын, ал Хорватия азаматтығын 2003 жылы қанжығасына байлаған. Ол үшін кәсіпкер Хорватиядан құны 11 млн доллар болатын жылжымайтын мүлік сатып алған. Ол сонымен бірге Хорватияда спорт базасын салуға инвестиция құйған. Аталмыш спорт базасында ресейлік спортшылар Украина-Ресей соғысы басталғанға дейін жаттыққаны анықталды.
Анисимов қазіргі сәтте Ресейде ешқандай да активтері, кәсібі қалмағанын айтты. Ол бұрынғы Coalco компаниясы мен «Большое Домодедово» компаниясын менеджерлеріне берген. Соған қарамастан ол Ресейге жиі барып тұрады. Ол үшін бизнес визаны жиі қолданатыны анықталды.
Forbes мәліметіне сенетін болсақ Анисимовтың байлығы 1,6 млрд долларды құрайды. Негізінен ол бұл қаржының басым бөлігін Усмановқа кәсіп үлесін сатқаннан тапқан. Оның Қазақстан мен Африкада да бизнесі бары белгілі. 2022 жылға дейін БАӘ-де жылжымайтын мүлікпен айналысқан, алайда соғыс басталған сәттен кейін оған қатысты ақпаратты құпияландырып тастады.
Соғыс басталғаннан кейін Ресейдің азаматтығынан олигархтар бас тарта бастады. Олардың ішінде Freedom холдингтің негізін қалаушы кәсіпкер Тимур Турлов, «Тройка Диалог» компаниясының негізін қалаушы Рубен Варданян, инвестициялық DST Global компаниясының негізін қалаушы Юрий Мильнер, Revolut компаниясының басшысы Николай Сторонский, «Арети» компаниясының негізін қалаған Игорь Макаров пен Tinkoff Group-тың негізін қалаушы Олег Тиньков бар. Млрдтаған доллар иелерінен бөлек жүздеген миллион долларға ие орташа олигархтардың 50-ден астамы Ресей азаматтығын Еуропа, Азия елдерінің азаматтығына ауыстырып үлгерген.
Ресейлік олигархтар санкцияға ілікпеу, Ресей билігінің агрессиялық соғыстағы соғысты қаржыландырушы көзіне айналмау және соғыстан кейінгі дағдарыстық кезеңге түспеу үшін басқа елдерге кетуді құп көрген.
Mezgil.kz