Залужный кетті, Сырский келді: Не өзгереді?

8-ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Қарулы күштердің Бас қолбасшысы қызметінен Валерий Залужныйды босатты. Оның орнына Александр Сырский тағайындалды. Бұл күтпеген жайт болды дей алмаймыз. Залужныйды қызметінен алатыны жайлы ақпарат бір ай бұрын түрлі БАҚ беттерінде шығып, талқы тақырыптың біріне айналған еді. Жаңа Бас қолбасшыға қатысты түрлі пікір мен ой айтылуда. Бірі оған сенім артса, енді бірі «әскери жағдайды дұрыс түсіне бермейтін саясаткерлердің айтқанынан шыға алмай қалуы мүмкін» деп қауіптенеді.


Валерий Залужный больше не главком ВСУ

 

Зеленский Залужныйға алғыс айтып, оның жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді. Залужный да ел басшысы мен Қорғаныс министрлігіне, сарбаздарға алғысын айтты.

 

Александр Сырский 2022 жылы Киев қорғанысына жауапты болып, Харьков облысын басқыншылардан азат етуге қатысты блицкриг шабуылды іске асырған қолбасшы саналады. Сонымен бірге ол Бахмут қорғанысына қатысқан қолбасшылардың бірі екенін де айтуға тиіспіз. Әскери сарапшылар Бахмутты ұзақ ұстап тұру Украина әскерінің кәсіби бөлімшелерін үлкен шығынға ұшыратты деп санайды.  

 

Зеленский Залужныйды қызметінен босату 2023 жылғы сәтсіз қарымта шабуылға байланысты екенін нақты айтты. «Донецк бағыты мен оңтүстік шептегі ұрыс қимылдарының сәтсіз болуы қоғамдық пікірде стагнацияның пайда болуына әкелді, Украина қоғамы жеңіс жайлы аз айтатын болды», - дейді ол. Осылайша президент 2023 жылдың жазындағы қарымта шабуыл барысында негізгі бағыт болып саналған екі шепте де нәтиже аздығын меңзеп, оған Залужный бастаған топ жауапты болғанын аңғартты.

 

Украина Қорғаныс министрі Рүстем Умеров: «Соғыс тактикасы өзгеруде, бізге де өзгерістер керек. 2022, 2023 және 2024 жылғы соғыс қимылдарына назар аударсақ, үшеуі үш түрлі тактиканы және шешімді қажет етеді. 2024 жыл біз дайын болуға тиіс жаңа өзгерістерді әкеледі. Бізге жаңа көзқарастар мен жаңа стратегия қажет», - дейді.

 

Залужныйдың алынғанына Киев мэрі Виталий Кличко наразылық танытса, Украинаның бұрынғы басшысы Порошенко Залужныйға алғыс айтып, туит жазды.

 

Жаңа Бас қолбасшы Сырскийдің Украина соғысына қатысты қандай жоспары бары белгісіз. Алайда басты талаптың бірі 2024 жылға арналған егжей-тегжейлі жоспардың болуы. Қазірдің өзінде Сырский Андрей Гнатов, Михаил Драпатый, Игорь Скибюк сынды генералдарды және Павел Палиса, Вадим Сухаревский сынды полковниктерді шақырып, команда құратынын айтып отыр.

 

Әскери сарапшылар Сырскийдің өзі де, оның командасына кіретін өзге қолбасшылар да 2014 жылдан бастап Ресей әскері және сепаратистермен соғысу тәжірибесіне ие екенін айтуда. «Олар Украина шығысындағы сепаратистермен қақтығыстан бастап 2022 жылғы шынайы соғысқа дейінгі эволюциялық жолды жүріп өткен, соғыс тактикаларын жақсы білетін, қалалық және далалық аймақтарды қорғаныс шебін құра алатын, қажет сәтте шабуылға шығуға дайын стратегияны меңгерген кәсіби қолбасшылар» дейді әскери сарапшы Зенкович.

 

АҚШ МемДепартаменті Бас қолбасшыны алмастыру Украинаның еркіндегі шаруа екенін айтып, оған Вашингтонның қатысы жоқтығын жеткізді. Бас қолбасшының ауысуы Украинамен жұмыс жасауға әсер етпейді деп мәлімдеді. АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан: «Халық таңдап алған басшы әскери иерархиядағы тұлғаларды ауыстыру, тағайындауға қатысты шешімді өзі таңдайды. Ал АҚШ Украина үкіметі мен әскерін қолдауды жалғастырады», - дейді.

 

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг: «НАТО-ның позициясы еш өзгермейді. Біз Украинаның СІМ басшысы Кулеба айтқандай, Киевпен әріптестікті жалғастырамыз және оны қолдай береміз. Ең бастысы осы», - деген пікірін жасырмады.

 

Financial Times-тың тілшісі Кристофер Миллер Сырскийді «қасапшы» деп атайтынын айтып, туит жазды. Ол «Сырский сарбаздар арасында қасапшы деген атауға ие. Себебі ол нәтижені сарбаздардың өмірінен жоғары қоюды» деп жазды.

 

Economist журналисі Оливер Кэррол болса «генералдар Сырскийді жоғары бағалайды, ал сарбаздар арасында оны Залужныйды қолдаған сияқты қолдауы екіталай» деген ойда.


Сарапшылар Сырскийдің қазіргі міндеті Ресейдің президенттік сайлауға дейінгі және кейінгі шабуылын тоқтату тактикасын құру және сарбаздарды дайындаудың Батыстық үлгісін жаппай енгізу, Украинаның қорғаныс өнеркәсіп саласына көбірек снаряд пен дрон жасауға қатысты Батыспен келіссөздерге қатысу, ал 2024 жылдың орта шегінен бастап бірнеше маңызды операцияларды іске асыру (Қырым көпірін жою мен Қара теңіз флотына соққы жасау) тұрғанын айтады. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар