Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі(ФСБ) Ресей авиациясының басшыларына қылмыстық іс ашылып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Оларға Ресейден ондаған ұшақ пен тікұшақты заңсыз шығарып, сатқан деген ауыр айып тағылуда.
Сыртқа заңсыз сатылған ұшақ пен тікұшақтың бірқатары Украина әскерінің қолына өткен. Тергеу барысында кемі үш дана Ми-8 тікұшағы Украина әскеріне үшінші елдер арқылы берілсе, Ил-76 ұшақтары бақылау датчиктерін өшіру арқылы Украина әскеріне қару-жарақ тасығаны анықталды дейді Ресей ақпарат көздері.
7-ақпан күні ФҚҚ қызметкерлері Мәскеудегі Ленинград көшесінде орналасқан офисті тінтіп, Ұшу қауіпсіздігі инспекциясы басқармасының басшысы Кристина Бывалина және Азаматтық әуе кемелерін тіркеу және жасалатын мәмілелерді мемлекеттік реттеу департаменті басшысының орынбасары Петр Козыревтің кабинеттерінен түрлі құжаттарды тапқаны айтылды.
Оларға бүгінде түрлі баппен қылмыстық іс ашылған. Өкілетін асыра пайдалану, мемлекетке зиян келтіру және басқа баптар бойынша тергеу басталып кетті. Тергеу барысында Ресей авиациясының бірқатар шенеуніктері Ресей президентінің жарлығын елеместен тіркеуде тұрған ұшақтар мен тікұшақтарды тіркеуден шығарып, өзге елдер мен компанияларға сатқаны анықталып отыр.
Сату жұмысын іске асыру үшін Ресей авиациясының жоғары шенді қызметкерлері Ресей билігіне «ұшақтар мен тікұшақтар өзге елде жөндеуде тұр немесе тұрақта тұр» деген жалған құжаттар ұсынған.
Жалпы жиынтығы 59 ұшақ пен тікұшақ заңсыз негізде мемлекеттік тіркеуден шығарылған. Оның ішінде 36 ұшақ пен тікұшақ шетелге сатылған. Сатылған ұшақтар мен тікұшақтардың 21-і Ресейдің одақтас және серіктестері саналмайтын елдерге жөнелтілген, ал 8 ұшіқ пен тікұшақ Ресей билігі «дос емес елдер» тізіміне қосқан мемлекеттерге аттанған. Ресей аумағынан ұшақтарды чартерлік рейс немесе жөндеу бағдарламасы деген желеумен сыртқа шығару іске асқан.
Ресей авиациясының (Росавиация) басшысы Александр Нерадько 2023 жылдың қыркүйегінде заңсыздыққа қатысты алғашқы ақпаратар шыға бастаған сәтте қызметінен кеткен болатын. Ресейлік БАҚ бұл істі «ең шулы іс, соғыс уақытындағы сатқындық» деп атап, шетелге ұшақтар мен тікұшақтарды сатқандарды қатаң жазалауды сұрауда.
Mezgil.kz