Қазақстан мен Катар. Мұнай саудасынан өзге қандай перспектива бар?

Катар – мұнайлы араб елдерінің ішіндегі өте бай, әлемдік «мұнай ойыншылары» арасында беделі жоғары  елдердің бірі.  Ол Парсы шығанағы жағасында орналасқан. Территория көлемі 22 мың шаршы км, халқының саны 130 мың. Астанасы – Доха қаласы.

1707909017300745.jpg

Катар мемлекетіне жұмыс сапарымен барғанда Қазақстан Президенті Тоқаев Қ.К. Катар Әмірі, шейх Тамим бен Хамад Аль Танимен және Катар Премьер‑министрі, шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Аль Танимен кездесулері жоспарланған. Сонымен қатар, мемлекет басшысы «Қазақстан‑Катар: инвестициялық  жобалар» атты дөңгелек үстел отырысына қатысады. Одан кейін президент Қ.К.Тоқаевтың Катардың ірі бизнес өкілдерімен кездесулері жоспарланған.

Mezgil.kz Қазақстан –Катар мемлекеттерінің өзара байланыс тарихына шолу жасады:

Экономика саласында:

Қазақстан мен Катар арасын көптеген мемлекеттер бөліп тұр. Бұл арадағы логистикалық қатынастың қиындығына қарамастан, екі ел арасындағы сауда айналымы жылдан жылға көбейе түсуде. Мысалы, 2022-2023 жж оның көлемі 37,5% артты. Бұл көрсеткішті экономикалық сарапшылар «тарихи жетістік» деп бағалауда.

2024 ж. 2 ақпанында Президент Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Катар Мемлекеті арасындағы инвестицияны өзара қолдау және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат экономикасы шикізат көзіне тәуелді саналатын екі мемлекет арасындағы осыған дейін қалыптасқан әріптестік‑іскерлік қатынасты заңды тұрғыда бекітті.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Катар Мемлекеті экономикасын диверсификациялаудың  жолдарын іздеуде. Осы бағытта екі мемлекет те өзара тоқайласар жобаларын табуға мүдделі. Мысалы, Қазақстан өзінің қаржылық және ІТ‑технология саласы, тау‑кен өндірісі және аул шаруашылығы  тұрғысынан Катарға қызғылықты.

Катар болса, Қазақстанды өзінің инвестициялық мүмкіндіктері мен мұсылман әлемінің туристік орталықтарының бірі ретінде қызықтырады.

Мәдени салада:

Арабтар Қазақстанды қайталанбас Көшпенділер мәдениетін сақтаған ел ретінде құрметтейді. Катарда құсбегілік элиталы өнер түрі саналады. Сондықтан Катар шейхтары осы өнердің табиғи ареалының бірі – Қазақ жерін бағалайды. Онымен қоса, қазақтың құнарлы дастарханы, экологиялық таза тағамы, мұндағы тау туризмі де оларды қызықтырады.

Қазір Қазақстан мен Катар арасында «студенттермен алмасу» бағдарламасы жұмыс жасауда. Онымен қатар екі ел өздерінің ғылыми‑практикалық жетістіктерімен бөлісіп, бірлескен мәдени шаралар мен түрлі фестивальдар өткізеді.

Мысалы, Катар Мемлекеті Астана қаласындағы «Әл‑Фараби» мешітін салды және Шейх Тамим атындағы білім беру орталығын ашты.

Елшілік қатынастары:

Таяу Шығыстағы күрделі саяси жағдайларға қарамастан, Катар Мемлекеті өзге елдермен ашық саясат жүргізіп отыр. Мысалы, кезінде Сирия дағдарысын шешуге арналған «Астана процессін өткізу» туралы Қазқстанның бастамасын Катар толығымен қолдап, өзінің оған тұрақты қатысушы болатынын мәлімдеген болатын.

Екі ел бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше болып табылады. Олар: БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ), Мұнайды экспорттаушы елдер Ұйымы (ОПЭК), Халықаралық валюта Қоры, Халықаралық Сауда Ұйымы және т.б.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Отбасы және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы Әлеуметтік қорғау және даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы жастар саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған бірінші атқарушы бағдарлама;
7. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қатар мемлекетінің Әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасы арасындағы Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
8. «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдер;
9. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding арасындағы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімдер.

Сонымен қатар Президенттің мемлекеттік сапары аясында тағы бірқатар құжатқа қол қойылды.

1707910397386471.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

КАТАР ӘМІРІНІҢ ҚЫЛЫШЫ

Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды.

Мемлекеттің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды.

Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа табыс етілген (2016). Кейінірек қылыш Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке (2021) және Испания Королі VI Филиппке (2022) сыйға тартылды.

Бұл символ – Қатар Мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі. Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар