Украинадағы соғыс әлемдік экономикаға үлкен соққы болуда. Еуразия кеңістігіндегі ондаған жылдар бойы қалыптасқан жүк тасымалдау бағыттары өзгеруде. Мұнай және газ сатып алу қатынасы да өзгеріп, жаңа құбыр жолдары салынуда, кейбірі істен шығып, уақытша жұмысын тоқтатты. Санкциялық соғыстар Ресейге, Еуропа елдері мен посткеңестік әлемге, тіпті өзге құрлықтағы мемлекеттерге де өз әсерін тигізуде. Сарапшылар «Украина соғысы және өзге қақтығыстар әлемдік экономикаға қалай әсер етуде» деген сұрақ аясында талқы жасады.
Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан Украинаның өндіріс ошақтары, қалалары қирандыға айналды. Тікелей шығын 470-600 млрд долларды құрайды. Ал 2026 жылға дейін соғыс осы қарқынмен жалғасатын болса, Украинаның ЖІӨ шығыны жыл сайын 120 млрд долларды құрауы мүмкін. Киев сонымен бірге ғимарат, көлік, фабрика және ауыл шаруашылық өнімін өндіру аймақтары, кеніштерді қосқанда қосымша триллион доллар шығынды арқалауы ықтимал.
Ресейге салынған санкциялар мен соғысқа жұмсаған қаржысы да Мәскеуді жүздеген млрд доллар шығынға әкелген. Ресей күн сайын орта есеппен соғысқа 700-900 млн доллар қаржы жұмсауда, ал әлемдік компаниялардың Ресей нарығынан кетуі, Ресейдің бұғатталған активтері және Ресей нарығына салынуы тиіс инвестициялардың азаюы Мәскеудің шығынан 700 млрд доллардан асырды дейді сарапшылар.
Бұл болжамды 14-ақпан күні Әлемдік экономика институты (IfW) мен Тюбинген университеті жариялады. Ресей мен Украина соғысы өзге елдерге де үлкен соққы болуда. 2022-2026 жылдар аралығында екі ел арасындағы соғысқа байланысты өзге мемлекеттер 260 млрд доллар шығынға ұшырайды, оның 70 млрд доллары ЕО елдеріне тиесілі. ЕО-да ең үлкен шығынға Германия ұшырайды және оның шығыны 20 млрд долларды құрайды дейді сарапшылар.
Зерттеушілер экономикалық шығынды есептеу барысында 1870 жылдан бері болған 150 соғысқа жасалған анализдерді негізге алып, жаңа соғыстардың шығынын есептеп шыққан. Есептеу барысында инфляцияға да назар аударған.
Сарапшылар болуы ықтимал соғыстардың да шығынын есептеді. Тайуань мен Қытай арасында соғыс болса, әлемдік ЖІӨ шығыны 2,2 трлн доллар болар еді дейді олар. Бұл Тайуаньдағы чип өндірісі мен Қытайдың экономикалық шығыны және оның әлемге әсеріне байланысты болмақ.
Алдағы уақытта Иран мен Израиль немесе АҚШ пен Иран соғысса, әлемдік ЖІӨ шығыны 1,7 трлн доллар болар еді деп топшылайды. Газа аймағындағы соғыста Израиль экономикасы 55 млрд доллар шығынға (инвестиция, туризм саласының түсуі, соғысқа бөлінген қаржы) ұшырағанын жазды, ал Газадағы қираған ғимараттардың шығыны нақты санды айтуға мүмкіндік бермейді, себебі сақтандыру компанияларымен байланысы жоқ, алайда 70 млрд доллардан көп болуы ықтимал деген сандарды келтірді.
Mezgil.kz