Рафах операциясы: Израиль шабуылды бастамақ

Израиль Газаның Мысырмен шекаралас қаласы Рафахты әскери жолмен басып алатынын ресми мәлімдеді. Бұрынғы қорғаныс министрі Бенни Ганцтың сөзінше ХАМАС 10-наурызға дейін тұтқындағы азаматтарды босатпайтын болса, онда Рафах қаласына шабуыл басталмақ. Қазіргі сәтте Рафахта 1,5 млн босқын бар, ал қала маңындағы лагерьлерде 500 мың босқын солтүстіктегі ұрыстардан пана іздеп келіп, қоныстанған.


Конфликт Израиля и Палестины: причины войны, история, суть и с чего все  началось

 

Қазіргі сәтте ұрыс қимылдары Газаның Хан-Жүніс қаласында өтуде. ДДСҰ ақпараты бойынша Газадағы ең маңызды аурухананың бірі саналатын «Насер» ауруханасы ұрыс қимылдарына байланысты жұмыс істеуін тоқтатты. ЦАХАЛ аурухана аумағына өткен аптада кірген және қазірге дейін ұрыс қимылдары жалғасуда.

 

Израильдің бұрынғы қорғаныс министрі Бенни Ганц ХАМАС 20 күннің ішінде тұтқындарды босатпаса Газаға жасалатын шабуыл еселеп артып, 10-наурызда Рафахты алу операциясы басталатынын мәлімдеді. Ганц Израиль әскері қаладағы бейбіт тұрғындарды эвакуациялайтынын айтты, алайда әлемдік қауымдастық Рафахқа қатысты Израильдің жоспарын қатаң сынға алуда. БҰҰ Рафах қаласында миллиондаған босқынның барын айтса, ДДСҰ «Газадағы жұқпалы індет саны артуда, ал ең соңғы ірі қалаға жасалатын шабуыл жағдайды тіпті күрделендіріп жібермек» деген пікірде.

 

Сарапшылар Израильдің Рафахқа шабуылы басталса босқындар легі Мысырға қарай ағылуы мүмкін деп санайды. Мысыр билігі Газадан келетін босқындарды қабылдауға үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Каир Израильмен жасалған келісімдерді де үзуге баратынын айтып, қатаң ескерту жасады. Алайда Синай түбегінде 100 мыңға жуық газалықты қабылдауға мүмкіндік беретін босқындар лагерінің құрылысын бастады. Мысыр Газамен шекаралас аймаққа үш линиядан тұратын биік дуалдар салып, әскер санын арттырған.

 

Халықаралық қауымдастықтың қысымына қарамастан Израиль премьері Биньямин Нетаньяху «Рафах операциясын» іске асыратынын айтты және қаланы «ХАМАС-тың соңғы қамалы» деп сипаттады. Ол «бұл қамалды алмай, ХАМАС-ты толық жою мүмкін емес» деп мәлімдеді.

 

ЦАХАЛ-ХАМАС арасындағы соғыс қимылдарының жалғасып жатқанына қарамастан тараптар келіссөзді тоқтатқан жоқ. Каирде Израиль, ХАМАС, Катар, Сауд Арабиясы жыне Мысырдың қатысуымен тұтқын алмасу бойынша келіссөз жалғасуда. Алайда тараптар белгілі бір нәтижеге қол жеткізбеді.

 

2023 жылдың қазанында басталған қақтығыстан Газада 29 мыңға жуық адам көз жұмса, Израиль 1400-ден астам адамынан айырылған.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар