DALA INSIDE арнасы Үкімет пен халықаралық ұйымдардан қолдау күтеді

«Dalanews.kz» және «Dalainside» редакцияларының тәуелсіз журналистері еліміздегі ірі құрылыс компаниясы тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеп, ҚР Бас прокуроры Б.Асыловқа, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваға, ІІМ министрі Е.Сәденовке, «Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау Қорына, Қазақстан журналистер Одағына, Қазақстан Транспаренси қорына, Internews-ке, барлық ақпарат құралдары мен журналистерге үндеу жариялады.

Біз әріптестеріміздің араша сұрап, ақиқат іздеген жанайқайларын портал оқырмандарының да талқысына қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

1708355982700430.jpg

РЕСМИ ҮНДЕУ 

Өкінішке орай, Қазақстанда сөз бостандығының жағдайы нашарлап барады.

Dalanews және DALA INSIDE редакцияларының тәуелсіз журналистері осы Үндеу аясында «G-Park» құрылыс компаниясы және оның басшысы Ғабит Сатмағамбетов туралы материалдар жарияланғаннан кейін қысымға тап болғанын хабарлайды және мұндай жағдайға алаңдаушылық білдіреді. «G-Park» туралы алғашқы материалдардан бастап, бізді жауапкершілікке тартқан оқиғалар хронологиясын егжей-тегжейлі баяндай отырып, үкіметтік, халықаралық ұйымдардың қолдауын сұраймыз.

DALA INSIDE «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сатмағамбетов ашуына қалай тиді?

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы «G-Park компаниясына жаңа нысандардың құрылысын бастауға тыйым салу» туралы барлық БАҚ-та таратылған жария мәлімдемесі, экс әкім Алтай Көлгінов отставкаға кеткеннен кейін құрылыс компаниясында проблемалар басталғандығын, бұрынғы полиция қызметкері Ғ.Сәтмағамбетовтің жағдайы мәз емес деген тұжырымды растай түсті. Себебі, алдымен «G-Gark» ЖШС «Женева» МЖК нысаны бойынша бойынша жосықсыз құрылыс салушылар тізіміне енгізілді. Ал одан кейін рұқсат құжаттары жоқ ТК құрылысына қатысты жанжалдар, 2023 жылғы тамызда кеңседе үлескерлердің митингілері орын алды. Бұған дейін Астанада құрылыс компанияларының басшылары қашып, зардап шеккен үлескерлердің құқықтары мемлекет тарапынан бірнеше рет қорғалғандықтан, олардың міндеттемелері тиісінше салық төлеушілердің қалтасынан, ел бюджетінен жабылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жеке құрылыс компаниясының капиталын немесе бизнесін қорғасын деген еш міндеттеме жоқ. Журналистер өздерінің кәсіби борышына байланысты тек қана азаматтарды, үлескерлерді және мемлекетті алдағы тәуекелдер туралы ескертуге міндетті. Сондықтан мұндай күрделі мәселелерді уақтылы анықтау және жариялау көбінесе үлескерлердің құқықтарын жаппай бұзуды тоқтатуға және алдын алуға мүмкіндік береді. Біздің редакцияның қызметі дәл осы мақсатқа бағытталған.

2023 жылдың 25 желтоқсанында DALA INSIDE телеграм арнасында «Қуат» оқиғасы қайталанады. «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сатмағамбетов Дубайда жасырынуға көшті» тақырыбымен материал жарияланды.

Аталған материал шыққаннан кейін «G-Park» басшысы Ғабит Сатмағамбетов өзінің Instagram парақшасында Астанада екендігін жариялап, редакцияға біздің жарияланымды жоққа шығару туралы талап жіберді. Осыдан кейін, 2023 жылдың 28 желтоқсанында DALA INSIDE Ғабит Сатмағамбетовтың Астанада екендігі туралы ақпаратына сілтеме жасай отырып, алдыңғы материалды теріске шығарады. Яғни, жарияланған ақпарат жедел түрде теріске шығарылып, ескі пост алынып тасталғаннан кейін, мәселе сол жерде жойылды деп есептедік. Алайда Сатмағамбетов мырза жоқ жерден «тырнақ астынан кір іздеуді» жалғастырды.

2024 жылдың 4 қаңтарында ол Астана қаласының полиция департаментіне арыз жазды. Ол журналистердің негізсіз шабуылына ұшырап, Дубайға бармағандығын алға тартады. Біз алғашқы материалды теріске шығарып, алып тастасақ та, полиция Ғабит Сатмағамбетовтен арызды дереу қабылдады. Және 2024 жылдың 5 қаңтарында Астана қаласы полиция Департаментінің тергеу басқармасының тергеушісі біздің материалымыз бен 365info.kz басылымдағы әріптестеріміздің материалын қарап шықты. Бқл ақпараттың бастапқы дереккөзі біздің материал болған. Бізді осы қылмыстық іс бойынша полиция қызметкерлерінің жылдамдығы таң қалдырды. Мұндай жылдам реакция іс жүзінде жиі бола бермейтін құбылыс.

Осыдан кейін Астана қаласы полиция Департаментінің жедел тергеу басқармасы 365info.kz және DALA INSIDE редакция қызметкерлерінен жауап алу үшін оларды Алматы мен Астана қаласынан шақыра бастады.

БАҚ туралы Заңның 20-бабына қарамастан, тергеушінің негізгі мақсаты журналистерді даулы құрылыс компаниясы туралы ақпаратты қай дереккөзден алғанын ашуға мәжбүрлеу болды. Қазіргі уақытта біздің редакциямыздың журналистерін тінту, кеңсе техникасын алып қою және қамауға алуға санкция беру қаупі бар. Астана қалалық Полиция департаментінің тергеу басқармасы нақты күдіктінің жоқтығына және біздің ақпаратты жария етпеу туралы еш құжатқа қол қоймағанымызға қарамастан, аталған іс туралы ақпараттың ашылғаны үшін жауапкершілік болатынын қайта-қайта ескертуге тырысты. Біз өзіміздің дұрыстығымызға және ақпаратымызды беру тәсіліне сенімдіміз. Сондықтан сотта өз позициямызды соңына дейін қорғаймыз және адал, кәсіби журналистика құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері, G-Park бизнесін ұстаушы Ғ.Сатмағамбетовтың амбициясынан, оның байланыстарынан да жоғары екенін дәлелдейміз. Ол өз бизнесінің проблемаларынан алшақтап шетелге кетті деген сөзге ренжіді. Ал бұл құрылыс компаниясына сенген үлескерлерінің тағдыры қалай болмақ? Біз олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғай аламыз ба? Біз бұл сұрақтарға артынан жауап алатын боламыз. Өйткені үлескерлердің митингілері мен құрылысқа тыйым салынғанына қарамастан, Сатмағамбетов тұрақты түрде әлем бойынша саяхаттауды жалғастыруда және көптеген елдерге барып үлгерді. Осыдан кейін, ол шетелден шықпаса, бизнестің проблемаларынан алшақтады деп қалай айта алмаймыз?
 
Өз кезегінде Dalanews, DALA INSIDE және «Қала мен Дала» газетінің құрылтайшысы өз жұмысын атқарған редакция журналистерін аяғына дейін қорғауға ниетті.

Біз «Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына және Қазақстан Журналистер Одағына және жоғарыда аталған барлық лауазымды тұлғаларға жүгінеміз және құрылыс секторында туындауы мүмкін проблемалардың алдын алуға, Қазақстан халқының мүддесін бірінші кезекке қоя отырып жұмыс істеп жатқан журналистер мен БАҚ-қа қысым жасау фактісіне назар аударуды сұраймыз. Біз қазір Ғабит Сәтмағамбетов бизнесіндегі барлық ықтимал бенефициарларды ашу, Қазақстаннан заңсыз сыртқа қаржы шығарудың ықтимал жолдарын зерттеу, компаниядағы баға құрылымы, құрылысқа рұқсат беру құжаттары мен жер учаскелерін алу рәсімдеріне қатысты зерттеу жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз.

Қалай болғанда да, «G-Park» пен DALA INSIDE ашық сотта кездеседі.

Dalanews/DALA INSIDE редакциясы, 19 ақпан 2024 жыл

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар