Бүгін Татарстан астанасы - Қазанда «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі ресми түрде ашылады.
Цифрлық спортпен дене шынықтыру спортын біріктіретін фиджитал-ойындарға 107 ел қатысады. Соның ішінде Қазақстан да бар.
Татарстан астанасына Ресей президенті Владимир Путин барады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Болашақ ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысу үшін Қазанға барады. Бұл туралы «Ақорда» баспасөз қызметі хабарлады. Аталған іс-шараға Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері, сондай-ақ басқа да бірқатар мемлекеттің өкілдері қатысады деп жоспарланған.
ҚР Туризм министрлігінің мәліметінше, 48 қазақстандық киберспортшы турнирдің 13 пәніне қатысады: фиджитал-футбол, фиджитал-хоккей, фиджитал-жарыс, фиджитал-велоспорт, дрондар жарысы, Dota 2, Counter Strike 2, Warface, Standoff 2, спорттық бағдарламалау, ұрыс роботтар, танктер әлемі, Speedrun.
«Олардың 37-сі 8 спорт түрінен Қазақстан туын көтеріп, өнер көрсетеді. Ойындардың тұжырымдамасына сәйкес 11 қазақстандық 5 пән бойынша шетелдік командалар құрамында өнер көрсетеді», - делінген Туризм министрлігінің хабарламасында.
«Болашақ ойындары» гибридтік спорт түрлері бойынша алғашқы халықаралық мультиспорттық жарыс Қазан мен Сочиде 21 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді.
Mezgil.kz