Украина әскері Ресей оккупациясындағы Донецк облысының Волноваха қаласы маңындағы Трудивское ауылы маңындағы ресейлік әскери полигонға соққы жасады. Соққы салдарынан 65-тен астам ресейлік сарбаз көз жұмып, 300-ден астамы жараланған. Ақпаратты ресейлік арналар да растап, бұл істі «қатаң тексеруді» талап етуде.
Ақпарат көздері Украина әскері HIMARS зымыран кешенімен соққы жасағанын жазды. Соққы әскери полигонға ресейлік сарбаздарды салтанатты сапқа тұрғызу сәтінде болған. Полигонда 36-шы мотоатқыштар бригадалары сапқа тұрғызылып, генерал-майор Олег Моисеевтің келуін күтіп тұрған.
Ресейлік ақпарат көздері полигонда 06705 әскери бөлімшеге қарасты 36-шы мотоатқыштар бригадасының 4,5,6-шы роталары мен ондаған офицер болғанын жазды. Олар Шығыс әскери округінің 29-армиясының қолбасшысы, генерал-майор Олег Моисеевтің қатысуымен болатын марапаттау рәсіміне қатысуы тиіс еді.
Ресейлік әскерилер HIMARS зымыраны сапта тұрған 4-ші және 5-ші ротаның ортасына түсіп, үлкен шығынға әкелгенін айтты. Алайда Ресейдің қорғаныс министрлігі аталмыш ақпаратқа қатысты растау немесе жоққа шығару мәлімдемесін жасаған жоқ. ВВС басылымы «соққы салдарынан кемі 60-тан астам адам қаза тапқан, ал украин тарапының басты мақсаты генерал-майор Олег Моисеев болуы мүмкін» деп жазды. Дегенмен ресейлік арналар оқиға орнынан фото, видеоларды жариялады. Онда ондаған адамның қаза тапқаны айқын көрінген.
Батыстық ақпарат көздері шабуылды іске асыру барысында барлау дрондары, спутниктік мәліметтер және барлаушылардың жұмысы жоғары дәрежеде болғанын атап өтті.
Mezgil.kz