Ресей позициясын ашық жақтайтын, ресейлік аудиторияға 135 мың оқырманы бар «Нам пишут из Янины» телеграм арнасымен танымал болған әскери қызметкер, пропагандист Андрей Морозов өзіне қол салды. Ол ел арасында «Мурза» лақап атымен танымал болған.
Андрей Морозовтың өлімі жайлы 21-ақпанда көптеген ресейлік арналар жазды. «ПриZрак Новороссии», «Солдатская правда», «Zаписки Vетерана» арналары алғаш болып ресейлік әскеридің суицид жасағаны жайлы ақпаратты таратты. Мурзаның жақын досы, қорғаушы Максим Пашковтың сөзінше ол өзін-өзі атып тастаған. Алайда Ресей билігі тарапынан әлі күнге дейін оның өлгені жайлы ақпарат не расталмады, не жоққа шығарылмады.
Андрей Морозовтың өзі «Нам пишут из Янины» арнасында 21-ақпан күні Ресей билігін, әскери элитасын қатаң сынаған бірнеше жазба қалдырды. Ол өзінің денесін мойындалмаған сепаратистік аймақ саналатын «ЛХР» зираттарының бірінде жерлеуді өтінген.
20-ақпан күні Мурза өзінің телеграм арнасындағы бірнеше жазбаны билік тарапынан жасалған қысымның салдарынан өшіруге тура келгенін айтты. Бұған дейін ол «Авдеевканы Ресейдің алуы қуанатын жайт емес, біз үлкен шығынға ұшырадық» деп жазба қалдырып, Ресей әскерінің Авдеевка операциясындағы шығынына қатысты сандарды жариялаған болатын. Ол Авдеевка операциясында Ресей әскері кемі 16-17 мың әскерінен айырылғанын, 300 техникасын жоғалтқанын жазды және бір Авдеевка шайқасы 10 жылдық Ауған-Кеңес соғысындағы кеңес әскерінің шығынынан асып түскенін айтты. Ал Ауғанстанда КСРО әскері ресми түрде 15 мың адамынан айырылды. Ол жараланғандар мен жоғалғандар саны тым көп екенін, қару жетіспеушілігі әлі шешілмегенін айтты.
Андрей Морозовтың бұл жазбасынан кейін Ресейдің билікшіл пропагандистері оған қарсы ақпараттық шабуыл бастады. Владимир Соловьев оны айыптап, Ресей әскерінің абыройын төкті, жалған ақпарат айтты дей отырып, қатаң жазалауға шақырды. Андрей Морозовтың жазбасы Шойгудың Путиннің алдында «Авдеевканы аз шығынмен алдық» деген мәлімдемесіне қарама-қайшы келді.
Андрей Морозов 2014 жылдан бері Украинаға қарсы соғысты. Ол бүгінде Ресейде 4 жылға сотталған әскери қылмыскер Игорь Стрелковтың оң қолы болды және Ресей билігінің Украинадағы соғыс қимылдарына көңілі толмайтынын үнемі айтумен келді. Морозовтың мәлімдемелері «Вагнер» көсемі болған Пригожиннің мәлімдемелеріне өте ұқсас еді.
Сарапшылар Морозовтың өлі немесе тірі екені маңызды емес, маңыздысы оның Авдеевка шайқасына қатысты ресейлік шығынды ашық айтуында дейді.
Mezgil.kz