Путин орыс тілі үшін Жапаровқа алғыс айтты. Рахмон Путинге «темірдей жүйке» тіледі

Кеше Ресей құрамындағы Татарстанның астанасы Қазанда «Болашақтың ойындары» атты Цифрлық спортпен дене шынықтыру спортын біріктіретін халықаралық фиджитал-турнирдің ашылуы болды. Оған Ресей президентімен қатар, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері барып қатысты.

1708599657494576.jpg

Кремль ұйымдастырып жатқан бұл шараға ТМД елдерінен, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америка және Африка елдерінен 277 команда қатысатыны хабарланған.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ресейбасы Путин бұл шараға ТМД елдерінің басшыларын шақырған болатын. Орталық Азияның Ресеймен шектесетін һәм шектеспейтін мемлекеттерінің басшылары Қазанға қарай құстай ұшты.

Кешегі халықаралық турнирдің ресми ашылуында құрметті қонақтар қатарлы алты президент алты тілде өз құттықтауларын айтты. Беларусь, қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек және орыс тілдерінде сөз сөйледі. Қазақстан президенті аталмыш турнирді келер жылы Қазақстанда өткізуді ұсынса, оның ұсынысын іліп алып, Өзбекстан президенті турнирді 2026 жылы өткізуге ниетті екенін білдірді.

Халықаралық турнирдің ресми ашылуынан соң, Ресей президенті Путин өзге әріптестерімен жеке-жеке жолығулар өткізді. Солардың ішінде, біз бүгін Қырғызстан мен Тәжікстан президенттерінің Владимир Путинге айтқандарына ерекше тоқталғанды жөн санадық.

Кеше Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ресей басшысы Владимир Путинмен жеке жолықты.

1708599710249186.jpg

Бішкектің ресми мәліметінше, олар екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту мәселесін сөз еткен. Путин Қырғыз билігіне орыс тіліне көңіл бөліп жатқаны үшін ризашылығын білдірсе, Жапаров өз кезегінде Путинге алдағы президент сайлауына сәттілік тілеген.

Онан соң Ресей президенті Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонмен де жеке жүздескен. Рахмон Путинге «темірдей жүйке» тілеген.

1708599728237586.jpeg

Ресейлік ақпарат құралдары жүздесу «тура екі минутқа созылғанына» мән берген. Ресейлік БАҚ: «Путинге Тәжікстан президентімен сөйлесуге екі минут жеткілікті болды», - деп жазған.

Тәжікстан президенті Рахмон: «Барлық істе сәттілік, ең бастысы – мықты денсаулық, темірдей жүйке тілеймін. Бәрі жақсы болады, бәрі жақсы болады», - деген. Тәжікстан президенті нақты нені меңзегені белгісіз, алайда Путин жымиып, әріптесіне рақмет айтқан.

Тәжікстан Президентінің баспасөз қызметі: «Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды», - деп қысқа қайырған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар