Ресейлік саясаттанушы Сергей Караганов «Век войн? Статья вторая. Что делать?» атты ауқымды геосаяси бағыттағы мақала жазып, онда Қазақстанға қатысты пікір айтып, «Украинада жіберген қателікті Қазақстанда жібермеуге тиіспіз» дейді. Ол мақаласында Ресейдің Батысқа қарсы тұру әрекеттері жайлы жазып, Украина соғысына сараптама жасап, әлемдегі Мәскеудің қазіргі орны жайлы, Шыңғысхан дәуірінен басталған Ресей тарихы мен Қытаймен қатынасы туралы сөз еткен. Ол Украинаға ядролық қару тастау керектігін ұсынады және сол арқылы негізгі агрессор болып табылатын Батысты тоқтата аламыз дейді. Саясаттанушы Караганов Украинаның шығысы, солтүстігі мен оңтүстіктерін басып алып, батысын саяси саудадағы келісімнің бір тармағы етуге тиіспіз деген ойда. Оның мақаласы ресейлік бірқатар сайттарда, өзінің жеке сайтында жарияланды және автордың сөзінше алдағы уақытта «Россия в глобальной политике» журналында да жарық көрмек.
«Ресей саясатының бір ұстанымы геосаяси өзгерістер кезеңінде әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан қақтығыстарға барынша қатыспауға тырысу болып саналады. Қалыптасқан жағдайда бұл активті позиция емес, пассивті позиция болмақ. Оны біз бұрынғы отаршыл елдердің мысалында, әсіресе АҚШ кейпінде көріп отырмыз және олар әлемдегі антиамериканизмның өршуі мен базаларына шабуылдың артуына куә болуда. Осы және өзге де жағдайлар сырттағы активтердің барынша әлсіз кейіпке түсуіне әкеледі және американдық империяның шығынын арттырады. Соңғы отыз жылдағы сыртқы саясатта агрессиялық ұстаным ұстаған АҚШ ұстанымдары ақырындап өзгеріске ұшырайды, гегемондық аурудан айыға түседі.
Біз кезекті мәрте тұтанған әзербайжан-армян және Израиль-Палестина қақтығыстарына тартылмай, сәтті қадам жасадық. Алайда, біз жекелеген елдерде билікке антиресейлік көзқарастағы элита келуі немесе жағдайды сырттан тұрақсыздандыруы мүмкін екенін ескеріп, Украинадағыдай сәтсіздікті қайталамауға тиіспіз. Бұл тұрғыдан ең үлкен алаңдаушылықты Қазақстан тудыруда. Бізге дос елдермен бірлесе жұмыс істеп, мұндайдың алдын-алу міндетті», - дейді ол.
Сергей Караганов кеңестік, ресейлік саясаттанушы, экономист, тарих ғылымдарының докторы. Ол Ресей билігінің сыртқы және ішкі саясатын қалыптастырушы идеологтарының бірі саналады. Ресейдің әскери доктринасына бірқатар ұсыныстар жасаған және Путиннің бейресми кеңесшілерінің бірі деп сипатталады. Оның саяси сараптамалары Ресейдің сыртқы саясаттағы агрессиялық әрекеттерін ұлғайтуға және ақтауға бағытталған. Ол Украинаға Ресей басып кіргенін ашық жақтап, Украина мемлекеттілігін жою керектігін айтумен келеді. Бүгінде Карагановқа ЕО, Украина және Канада санкция салып, оның сырттағы активтерін бұғаттады.
Mezgil.kz