Қазақстан Катармен әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификацияламақ. Бұл туралы құзырлы органдардың дерегіне қанық Mezgil.kz порталы хабарлайды.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін», - делінген сенбі күнгі Үкімет қаулысының жобасында.
Ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылады деп күтілуде:
1) әскери қызметшілердің әскери білімі мен даярлығы;
2) әскери медицина;
3) әскери ғылым;
4) әскери саладағы мәдени және спорттық іс-шаралар;
5)бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар;
6) жауынгерлік даярлық;
Енді әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау тарихына аз-кем тоқтала кетейік. Қазақстан осыған дейін кімдермен әскери ынтымақтастық орнатты?
(Сурет ҰҚШҰ сайтынан алынды)
ҰҚШҰ
1992 жылғы 15 мамырда Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанмен ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қою – Қазақстан тарихындағы маңызды тарихи кезең болды.
8 жылдан кейін, 2002 жылғы 14 мамырда Мәскеудегі ҰҚШҰ сессиясында ҰҚШҰ-ны толыққанды халықаралық ұйым - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) айналдыру туралы шешім қабылданды. 2002 жылғы 7 қазанда Кишиневте жиын өтті. ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттер ратификациялаған және 2003 жылғы 18 қыркүйекте күшіне енген ҰҚШҰ-ның Жарғысы мен құқықтық мәртебесі туралы келісімге қол қойды.
2009 жылғы 7 ақпанда ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ елдерінің саммитінде Жедел ден қою ұжымдық күштерінің тобын, қысқаша ҰЖДК құру туралы шешім қабылданды. ҰЖДК әскери және шекаралық жанжалдарға жедел ден қоюға, террористік актілер әрекеттерінің жолын кесуге, есірткінің заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы іс-қимылға арналған.
(Сурет ҚР Қорғаныс министрлігі сайтынан алынды)
АҚШ
Қазақстан АҚШ-тың әскери және әскери-техникалық мәселелерді қоса алғанда, онымен ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенетін басым стратегиялық әріптесі болып табылады. Қазақстан-Америка әскери ынтымақтастығы екіжақты құжаттар негізінде құрылған. «ҚР Қорғаныс министрлігі мен Құрама Штаттардың Қорғаныс министрлігі арасындағы қорғаныс және әскери қатынастар саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум» (1994 жылғы 14 ақпандағы) және бірқатар тиісті шарттар (2017 жылы Қазақстан мен АҚШ 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін әскери саладағы ынтымақтастық туралы уағдаласты) жасалған. Бұл құжаттар НАТО стандарттары бойынша қарулы күштерді реформалау мен дамытуды көп нәрсеге міндеттейді, бағыттайды. Пентагон Қазақстан Қарулы Күштерінің командалық құрамын даярлауға қатысады.
(Сурет yuz.uz)
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Орталық Азия өңірі елдерімен ынтымақтастық басым бағыттардың бірі болып табылады және оның ұзақ тарихы бар. 1995 жылғы 25 қазанда Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан ҚХР-мен бұрынғы кеңестік-қытай шекарасы ауданында әскери саладағы сенімді нығайту жөніндегі шаралар туралы келісімге қол қойды.
Сол жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері БҰҰ аясында «ОАбат» ұжымдық бітімгершілік батальонын құру туралы құжатқа қол қойды. 1997 жылы 10 қаңтарда Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасындағы мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды, ал осы жылдың 24 сәуірінде Мәскеуде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және ҚХР арасында шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімге қол қойылды.
(Коллаж Ulysmedia)
БҰҰ ШЕҢБЕРІНДЕГІ БІТІМГЕРШІЛІК ОПЕРАЦИЯЛАР
1995 жылы 15 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері БҰҰ бітімгершілік әскерлерінің «ОАбат» батальонын құру туралы құжатқа қол қойды.
2006 жылғы 2 желтоқсанда Қапшағай гарнизонында бітімгершілік батальон (Қазбат) базасында құрылған қазақстандық бітімгершілік бригаданың (Қазбриг) тұсаукесері өтті. Бригада серіктес елдермен бірлесіп халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша ҚР міндеттемелерін орындауға арналған бітімгершілік құрылым болып табылады.
Бітімгершілік қызмет «қарулы қақтығысты тоқтату және оны саяси реттеуге ықпал ететін жағдайлар жасау» мақсатын көздейтін «ұжымдық және ұлттық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі саясаттың маңызды құрамдас бөлігі, пісіп келе жатқан әскери-саяси дағдарыстар мен әскери жанжалдарды саяси құралдармен ерте анықтау мен уақтылы болдырмаудың негізгі құралдарының бірі» ретінде қарастырылады.
Еліміз тәуелсіздік жылдары ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялаудың осындай жолдарынан өтті.
Mezgil.kz