Макронның сөзі: Мәскеу соғысқа дайын ба? НАТО ше?

Ресейдің пропагандалық арналары: «НАТО соғысқа ұрындырады. Ресей барлық нұсқаларға дайын болуы тиіс» деген әуенге басуда. Франция президенті Эммануэль Макронның: «НАТО өз әскерлерін Украинаға жіберу мүмкіндігін талқылап жатыр», - деген сөзінен кейін Ресей тарабы бұлқан-талқан болуда.

1709122144612418.jpg

Франция президенті Макронның кешегі айтқан сөздеріне қатысты әлем көшбасшылары, соның ішінде Ресей мен Францияның өз саясатшылары жаппай пікір білдіруде.

РЕСЕЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ: МӘСКЕУ СОҒЫСҚА ДАЙЫН БА?

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Егер НАТО Украинадағы соғысты тоқтатуға қарсы сөйлесе, демек олар бізбен соғысқысы келеді деген сөз. Мәскеу оған дайын.

Егер олар Ресейге қарсы соғыспайтынын мәлімдей отырып, шын мәнінде Украина режимін қаруландырмаса, спутниктік барлау мәліметттерін беріп отырмаса, жағдай баяғыда-ақ басқаша болар еді. Қазір НАТО мен Еуропа іс жүзінде Ресейге қарсы гибридтік соғыс жүргізуде», - деп мәлімдеді.

1709121295816623.jpg

РФ СІМ өкілі Мария Захарова: «Бұл мәлімдеме бізді ғана емес, басқаларын да шок қылды. Айналасы екі сағаттың ішінде НАТО елдерінің жоғары басшылары қатар-қатар мәлімдемелер жасады. Олардың сөздерінен ұққанымыз – Макронның бұл мәлімдемесі келісілмеген. НАТО мен Еуропаның кей елдері ештеңе жоспарламайтынын, әскер жібермейтінін ашық айтты», - деді.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Украинаға контингент жіберу мүмкіндігін талқылау фактісінің өзі - маңызды, жаңа элемент. Қалғандарының бәрі айтылды. Бұл үшінші елдердің мүддесі үшін емес. Олар өз сөздеріне есеп берулері керек. Егер НАТО блогы Украинаға әскерлерін жіберсе, сөзсіз Ресеймен соғыс болмай қоймайды», - деді.  Ол өз жауынгерлерін Украинаға жөнелту бойынша Батыс көшбасшыларының  пікірлері әралуан екендігін және бұл жөнінде консенсус жоқ екенін айтты.

1709121728712737.jpg

НАТО МЕН ЕУРОПА БАСШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Ресейдің түрлі лауазымды шенді-шекпенділері осылай деп ойбалап жатқанда НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг және Италия, Испания, Чехия, Словакия, Германия, Венгрия, Швеция, Финляндия және т.б. саясаткерлер НАТО-ның барлық және жекелеген мүшелерінің Ресеймен соғысуға құлықсыздығы мен дайын еместігін мәлімдеді.

26 ақпанда Франция президенті Эммануэль Макроном Украинаға Батыс әскерлері жіберілуі мүмкін екенін айтты. Бұл ақпаратты Словакия премьер-министрі Роберт Фицо да растады.

Словакия премьер-министрі Роберт Фицо: «Париждегі жиында Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін қарастырылды, бірақ Словакия мұны жасамайды», - деді.

Венгрия СІМ-і Петер Сийярто: «Венгрия Украинаға әскер де, қару-жарақ та жібермейді. Бұл біздің мызғымас позициямыз», - деді.

Швеция премьері Ульф Кристерссон: «Бұл сұрақ қазір өзекті емес. Украина тарапынан да ресми сұрау болған жоқ!», - деді.

Чехия премьері Петр Фиала: «Чехия Украинаға әскер жібермейді. Ешкім уайымдамасын!», - деп қайырды.

Нидерланды премьері Марк Рютте: «Украинаға әскер жіберу мәселесі басты талқы болған жоқ!», - деді. Ал Нидерланды әскер жібере ме, жоқ па, ол жағын ашып айтпады.

Польша президенті Анжей Дуда: «Украинаға әскер жіберу туралы ортақ келісімге келмедік!», - деді.

Ұлыбритания премьерінің кеңсесі: «Қазір Украинада Ұлыбритания ҚК-нің жекелеген құрамы жүр. Олар жаттықтыру жұмыстарымен шұғылдануда. Әңгіме осы туралы болса, иә. Ал үлкен көлемде әскер жіберу талқыда жоқ!», - деп мәлімдеді.

Ақ Үй өкілі: «АҚШ-тың өз әскерін, НАТО әскерін Украинаға аттандыру туралы жоспары жоқ!», - деді.

Неміс канцлері Олаф Щолц: «Еуропа мен НАТО-ның құрлық әскері Украинаға жіберілмейді! Париждегі келіссөзде біз Еуропаның, НАТО-ның әр мүшесі Украинаға көбірек көмек беруге келістік. Украинаға қазір керегі - ПВО мен оқ-дәрі, снарядтар. Ал Еуропа мен НАТО-ның құрлық әскері Украинаға жіберілмейді», - деді.

Литва Қорғаныс министрі Арвидас Анушаускас: «Біз өз әскерімізді Украинаға жіберуіміз мүмкін. Бірақ, бір шарт бар. Біздің әскер соғысқа араласпайды, Украина әскерін жаттықтырумен шұғылданады», - деді.

НАТО Бас хатшысы Столтенберг: «НАТО әскерін Украинаға жеткізу туралы ешқандай жоспар жоқ!», - деді.

Осылайша, Еуропа мемлекеттерінің, НАТО блогына кіретін мемлекеттердің лауазымды тұлғалары Макрон айтқан мәлімдемені бірі қалмай терістеді. Дегенмен, Макронның өз мақсатына жеткенін атап өту керек: әлемдік қоғамдық пікір алаңына болашақтағы «Ресей мен НАТО қақтығысының» аңдатпасы жеткізілді. Яғни Украинадағы НАТО әскерлерінің күштерімен Ресейге қарсы ұжымдық Батыстың қызу соғысына ұласатын күн алыс емес дегенге әлем жұртшылығы сене түсті.

Соңғы жылдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мұндай аңдатпалардың түбі шындыққа айналып жатқан сәттер аз емес. Мысалы, қару-жарақтың барлық түрлері - танктерден бастап шағын және орта қашықтықтағы зымырандарға дейін, РСЗО-дан бастап F-16 ұшақтарына дейін - алдымен қоғамға ақпарат таралып, содан кейін бұл қарулардың барлығы Украинада қолданылып, бүгінде Ресейді тұмсықтан соғып жатыр.

Демек, ұжымдық Батыста Украина әбден тығырыққа тіреліп, шегінер жағдайда Ресеймен соғысқа альянс күштеру тартылуы да әбден мүмкін деген сөз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар