Ядролық бопса: Путиннің жолдауы һәм АҚШ пен Еуропаға кіжіну

Кеше Ресей президенті Федералды жиын алдында жыл сайынғы жолдауын жасап, Ресейішілік һәм жаһандық саясатқа қатысты сөйледі. Соғысты айтты, Макронның соғысқа араласу туралы бастамасына бір тоқталды, қысқасы тұп-тура 2 сағат 6 минут сөйледі.

1709292143472173.jpg

Біз Ресей президентінің жаһандық саясат һәм соғыс  тақырыбындағы сөздеріне шолу жасадық. Сонымен Путин өз жолдауында не айтпақшы болды?

1709291335549445.jpg

ПУТИН: «РЕСЕЙДІҢ ЯДРОЛЫҚ КҮШТЕРІ ДАЙЫН ТҰР»

Негізгі тезистер:

* «Биыл аты аңызға айналған «Орыс көктеміне» 10 жыл»,

* «Ресей кез келген сын-қатерлерге жауап бере алатынын дәлелдеді»,

* «Соғысты (ӘҚК-ні) Ресей халқының басым көпшілігі қолдады»,

* «Ресейлік бизнес жауынгерлер мен олардың отбасыларын қолдауға әркез даяр»,

* «Біз ешкімнің ішкі істерімізгеге араласуына жол бермейміз»,

* «Ресей қазір өзінің егемендігі мен қауіпсіздігі үшін әділ күрес жүргізуде»,

* «Ресей қаза тапқан батырларымызды әрдайым есте сақтайтын болады»,

* «Ресейдің стратегиялық ядролық күштері толық дайындықта».

Батысқа жуан жұдырығын көрсетіп, өзі ашқан соғыстың белгісіз құрбандарын империялық кеудемсоқтықпен батырлар қатарына қосқан Владимир Путиннің келесі мәлімдемелері АҚШ-қа кінжінуге ұласты және «Ресей әлемді дүр сілкінте алады» деген ауанда жалғасты:

1709291422779297.jpg

АҚШ-ҚА КІЖІНУ. «РЕСЕЙ ӘЛЕМДІ СІЛКІНТЕ АЛАДЫ»

Әуелі Ресейдің әскери потенциалы туралы: «Батыс Ресейді іштен әлсіретуге әрекеттеніп көрді. Бірақ, қателесті. Керісінше, Ресейдің жауынгерлік мүмкіндіктері бірнеше есе артты. «Қанжар» тек қоймада сақталып тұрған жоқ. Біз «Қанжарды» пайдаланып та жүрміз. «Цирконды» да қолданудамыз. Қазір майданда Ресей Қарулы Күштері бірқатар бағыттар бойынша сенімді шабуылдауда», - деді.

Сосын АҚШ-қа шүйлігіп: «АҚШ стратегиялық тұрақтылық мәселелерін талқылап, сонымен бірге Ресейге стратегиялық жеңіліс жасау қажеттігі туралы айтқысы келеді. Бұл екі жүзділік. Ядролық қаруды ғарышта орналастыру туралы сөздер – біздің дөңайбатымыз. Мұның бәрі шын мәнінде ядролық соғысқа қатер төндіреді. Батыс мұны түсінбейді ме?», - деді бір кезек.

1709291491173804.jpg

РЕСЕЙ МЕН БАТЫСТЫ ҚАРУЛАНУ ЖАРЫСЫ

Владимир Путин Батыс және Ресей қорғаныс өнеркәсібінің дамуы туралы не деді? Қараңыз:

«Батыс бізді қарулану жарысына тартуға, сол арқылы бізді шаршатуға, Кеңес Одағымен табысты болған тәсілді қайталауға тырысуда. Батыс Украинадағы қақтығысты қоздырды. Шығыстағы сияқты. Енді: «Ресей Еуропаға шабуылдамақшы», - деп жатыр. Бұл ақымақтық», - деді Путин.  

Онан соң: «Біздің міндетіміз - елдің әлеуетін арттыратындай етіп қорғаныс өнеркәсібін дамыту. Ресурстарды барынша ұтымды бөлу. «Буревестник» қанатты зымыраны мен «Посейдон» жүйесін сынау аяқталуда, олар өздерінің бірегей сипаттамаларын растады», - деді сөзін жалғап.

Одан әрі Ресей президенті Батыстың санкциясына «пысқырып қол қойдымдық» әуенде БРИКС-ті қалқан етіп, құлдықта ұстаған зомбилерінің көңілін орнықтыру үшін біраз ақылды сөздерді төгілтті.

Бұдан әрі Путин әлеммен жалғыз соғысқан кезде «зеңберек жемі» болатын бодандары үшін отбасылық құндылықтарды ұлықтап, орыс көрпесінің бүлкілдеуін жаңғыртуға қатысты біраз гәп қылды.

Санкцияға ұшырап, жеккөрінішті болып, Батыстың технологиялық жетістігінен ажыраған боданындағы жұртын алдаусырату үшін Путин өзінің кумирі Сталиннің «Мамандар бәрін шешеді» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алып: «Таяу болашақта біз тағы бір қадам жасаймыз - әлемнің ең ірі төрт экономикалық мемлекетінің қатарына қосыламыз», - деді.

Соғыстың кесірінен ауыр жағдайда қалған бюджеттегілерді бір жайлы қылу үшін Путин жаңа аярлыққа басты. Ойлап қарасақ, Батыстан 30-50 жыл артта қалған Ресей өз ғылымын оқшаулану жағдайында қалай дамытады деген ойға еріксіз қалады екенсің!? Бірақ, Путин өз жолдауында «Ғылым – Ресейдің технологиялық дамуының басты кепілі», - деді. Деді де, ғылымға жасалатын қаржылық қолдаулар жайлы біраз сөйледі.

Президент Путиннің жолдауының финалы Ресей туралы болды: «Барлық жоспарларды орындау біздің сарбаздарға, еріктілерге және майдандағы барлық адамдарға тікелей байланысты», - деп өзі ашқан соғыстың сарбаздарының ерен істеріне қатысты аяқтады.

1709291755625825.jpg

Сарапшылардың биылғы Путин жолдауы турлалы пікірлері:

«France24» сарапшылары: «Путин Батыстық саясаткерлерге нацистік Германиядағы Адольф Гитлер және Франциядағы Наполеон Бонапарт сияқты адамдардың тағдырын еске түсіруді ұсынды», - деп жазады.

«BBC» сарапшылары: «Владимир Путин Батысты тағы да агрессиялық, тұрақсыздандырушы күш ретінде көрсетіп, ал Ресейді өзінің заңды мүдделерін қорғауға мәжбүр ел деп атады», - дейді.

«NBC News» сарапшылары: «Макрон Путинге «себеп» сыйлады. Себебі бұл Ресей көшбасшысының «Мәскеу тек Украинамен ғана емес, жалпы Батыспен күресіп жатыр» деген пікірін күшейтті», - деп жазады.

«Wall Street Journal» сарапшылары:  «Ресей көшбасшысы бірнеше рет ядролық қатер төндірсе де, сарапшылар мұндай қаруды қолдану ықтималдығы мүлдем төмен екенін айтады. Бұл ескертулер Еуропада АҚШ-тың оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бейілділігі туралы алаңдаушылық туындаған кезде айтылды», - дейді.

«Bloomberg» сарашылары: «Егер одақтастар оқ-дәрілер ағынын арттырмаса, Ресей жазға қарай қорғанысты ілгерілетуге серпіліс жасай алады. Киевтегі ұрыс алаңындағы жағдайды бағалау барған сайын қараңғыланып барады», - деп жазады.

«Politico» сарапшылары: «Путин Приднестровьені тікелей айтқан жоқ, бірақ Ресей Еуропаға шабуыл жасауды жоспарлап отыр немесе ядролық қаруды ғарышқа «әлдебір ақымақ» деп орналастырады деген хабарды жоққа шығарды. Нәтижесінде Батыстық сарапшылардың жаңа қақтығыс туралы қауіптенуі ақталмады - оның орнына Путин Батысты Мәскеудің қару-жарақ арсеналымен мақтанып, оның экономикасын суға батырып жіберетін кеңестік үлгідегі қару-жарақ жарысында Ресейді «алдауға» тырысты деп айыптады», - деп жазады.

«CNN» сарапшылары: «Путин сондай-ақ өз сөзін Ресей экономикасының көрсеткіштерін жоғары бағалап, наурыз айында өтетін президенттік сайлау қарсаңында елеулі оппозицияға тап болмайтын жаңа ұлттық жобаларды жариялау үшін пайдаланды», - дейді.

1709291846311928.png

Біздің пікір: Путиннің бұл жолдауы Ресей жұртшылығын өз маңына топтастыру жасаған кезекті амалы болды және Ресей президенті оны сәтті пайдаланды. Ол өз сөзінде әрбір әлеуметтік топқа жеке-жеке тоқталып, әрі ақша құдіретімен қызықтырып, әрі жазалау құрлымымен қорқыта білді!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар