Ғағауыз басшысы: Ресей бізге көмектес! Молдова қысымды арттырды!

28-ақпанда Молдова құрамындағы Приднестровье аймағы заңсыз парламентінің жиынын өткізіп, Ресейден көмек сұрады. Жиын барысында сепаратистер «Кишинев тарапынан туындаған экономикалық, саяси қысымды азайту үшін Мәскеуден және халықаралық ұйымдардан көмек сұраймыз» деген болатын. Приднестровье сепаратистері мен Молдова билігі арасындағы шиеленіс Украина соғысынан кейін өрши түсті және 90-жылдардан бері шешімін таппай келеді.


Молдавский "Донбасс": Войдёт ли Гагаузия в состав Румынии в случае  поглощения ею Молдавии или отделится по примеру Приднестровья

 

Бүгінде Приднестровьеде 250 мыңға жуық халық тұрады. Олардың басым бөлігі Ресей паспортын алған. Ал Мәскеу "орыс тілі мен Ресей азаматтарын қорғау" деген сылтаумен Молдоваға қысымды арттыруда.

 

Приднестровье сепаратистерінің мәлімдемесі мен Путиннің Федералды кеңеске жолдауынан кейін, Мәскеуге Молдова құрамындағы Ғағауыз автономды аймағының басшысы Евгения Гуцул келді. Башкан (басшы) Гуцулмен бірге Ресейге Ғағаузия Халықтық кеңесінің басшысы Дмитрий Константинов та бірге келді және олар Федерация Кеңесінің басшысы Валентин Матвиенконың қабылдауында болды.

 

Евгения Гуцул кездесу барысында Ғағаузияда халықтың құқығын таптау Молдова билігі тарапынан ұдайы іске асып жатқанын айтты. Сол себепті де ол Мәскеуден көмек сұрап, Ресеймен байланысты арттырғысы келетінін айтқан. «Молдова мен Ресей арасындағы әуе рейстерінің саны артса, Ғағаузияның Ресеймен де байланысы арта түсер еді» дейді ол. Қазіргі сәтте Молдова мен Ресей арасындағы әуе рейстері азайған. Приднестровье мен Ғағаузия тұрғындары өзге елге автобустармен барып, Ресейге басқа ел арқылы ұшып жетуге мәжбүр.  

 

Кездесу барысында Матвиенко Ғағаузия мен Ресей арасындағы байланыс дами беретінін айтып, ешкім де оған кедергі келтіре алмайтынын жеткізді. Матвиенко Молдовада русофобия өршіп тұрғанын айтып, қазіргі Молдова билігі шиеленіс жолына өтіп бара жатқанын да тілге тиек еткен.

 

Сарапшылар «Приднестровье сепаратистерінің мәлімдемесі мен Ғағаузия басшысының Ресейге келуі тегін емес, алдын-ала ойластырылған тізбекті әрекеттер жиынтығы» деген ойда. Молдова билігі 2023 жылдың қазанында салықтық өзгерістер енгізіп, ЕО-ға қосылу үшін экономикалық реформаларды бастады. Ендігі таңда Приднестровье кәсіпкерлері үшін кедендік салық құны артты, ал Ғағаузия жергілікті кәсіпкерлердің ҚҚС (НДС) мөлшерін жергілікті бюджеттен төлеуі тиіс. Бұған дейін Ғағаузия кәсіпкерлерінің ҚҚС-ін Молдова билігі төлеп келген болатын. Бұл Ғағаузия үшін үлкен соққы болуда. Қазіргі сәтте автономды аймақтағы кәсіпкерлер Молдованың өзге аймақтарына кетуде. Ғағаузия салық жинауда соңғы төрт жылдағы ең аз көрсеткішке түсті.

 

Ғағаузияның қазіргі басшысы Гуцул 2023 жылы сайланды. Ол ресейшіл көзқарасты жақтайды және Ресеймен байланысты арттыруды ашық қолдайды. Бүгінде Ғағаузияда 140 мыңға жуық халық бар, оның 90 пайызын ғағауыздар құрайды. Аймақта румын, ғағауыз, орыс тілдері қолданысқа ие, ал құжат тілі ретінде көбіне орыс тілі қолданылады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар