Украина тарапы снаряд тапшылығы артқанын айтуда. Ресей айына 250 мың снаряд шығаруға қабілетті, бұл АҚШ пен Еуропаның ай сайын Киевке бірлесе беретін снарядынан үш есе көп деген сөз. НАТО-ның әскери сарапшылары дәл осындай болжам жасауда. CNN мәліметінше Батыс елдері жылына Украинаға 1,2 млн дана 155 ммтрлік снарядтар бере алады, ал Ресей жылына 3 млн дана снаряд шығаруға қабілетті.
«Қазіргі таңда біз өндірістік мүмкіндіктердің қақтығысына келдік. Украина-Ресей соғысы қай тарап көбірек қару, снаряд өндіре алады, соған байланысты шешіледі. Бұл ресурстардың сарқылауына байланысты болмақ», - дейді НАТО кеңесшілері.
Ресейдің снаряд өндірісінде алға шығуы кездейсоқтық емес. Еуропа елдері қырғи-қабақ соғыстан кейін әскери өндіріс саласын екінші орынға ысырып, көптеген қару шығару зауыттарын жапты. Снаряд өндіру кей елдерде 10 есеге дейін азайды. Бұл «НАТО мемлекеттеріне КСРО-мен тайталасқан кезеңдегідей қарудың қажеті жоқ» деген түсініктен туындады. Ал Мәскеу қару шығару зауыттарын тоқсаныншы жылдары экономикалық дағдарысқа байланысты тоқтатса да, 2005 жылдан бастап қайта жандандыра бастады. 2022 жылдан бастап Ресей экономикасын әскери жағдайға бейімдеуді бастап, Солтүстік Корея мен Иран іспеттес елдерден снаряд алуды жылдамдатты. Ал Еуропа елдері қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегідей снаряд және зымыран шығару мүмкіндігін қалпына келтіруге кемі 3 жыл керек дейді сарапшылар.
Бүгінде Ресей әскери өндіріс орындары 24 сағат бойы жұмыс істеуде.Соғысқа дейін Ресейдің қорғаныс саласына қатысты зауыттар мен өндіріс орындары, логистикалық компанияларында 2,5 млн адам жұмыс істесе, қазіргі таңда олардың саны 3,7 млн адамға жеткен.
Снаряд санының көптігіне байланысты Ресей күн сайын 10 мың снаряд қолдануда, ал Украина 2 мың снарядпен шектелуде. Батыс барлау қызметі Ресейдің снаряд өндіру мүмкіндігі әлі де артып, 2025 жылы толық күшіне енетінін болжауда. Ол сәтте Ресей жылына 5 млн дана снаряд шығаруы ықтимал.
Bloomberg басылымы Чехияның бастамасымен Украинаға 800 мың снаряд жеткізу жұмыстары әне-міне басталатынын жазуда. Алайда ұрыс даласындағы снаряд балансын қалпына келтіру үшін АҚШ-тың Өкілдер палатасы бұғаттап отырған Украинаға көмек пакеті іске қосылуы шарт. Әскери сарапшылар Украина әскеріне Ресей шабуылдарына төтеп беру үшін ай сайын 200 мың снаряд керектігін жазды.
Mezgil.kz