АҚШ Конгрессінің Украинаға арналған көмекті тежеуі Киевті қиын жағдайға әкеліп, тығырыққа тіреуде. Әлемдік әскери сарапшылардан бөлек АҚШ-тың барлау қызметі мен Қорғаныс министрлігі де бұл қауіпті растауда. Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) басшысы Уильям Бернстің сөзінше АҚШ-тың қару-жарағынсыз Украина 2024 жылы ауқымды территориясынан айырылуы мүмкін.
«Айтарлықтай көмек болмаса, қару-жарақ берілмесе, онда Украинаны болашақта қиын сәттер күтіп тұр. Украинаға 2024 жылы қару-жарақ берілмесе ауқымды территориясынан айырылуы мүмкін», - дейді Бернс. Ол бұл ойын АҚШ Сенатының барлау бойынша арнайы комитет жиынында айтты.
Оның сөзінше Украинада оқ-дәрі, зымыран және снаряд таусылуда, ал АҚШ Украинаға көмек беретін уақытты жоғалтуда. Ол Авдеевка қорғанысын мысалға келтіріп, снаряд тапшылығына байланысты Украина қаланы тастап шығуға мәжбүр болғанын растады.
«Мен Украина тарапынан және барлау қызметтерінен украин жауынгерлерінің қаланы қорғауда барынша қарсылық білдіріп, ерлікпен шайқасқанын білдім. Сонымен бірге олардың снаряды таусылғанын, ал Ресей әскері қалаға үздіксіз шабуыл жасаумен болғанын біліп отырмын. Егер 2024 жылы біз көмекті тиісті негізде көрсете алмасақ, онда Авдеевка сияқты бірнеше мысалға куә болуымыз ғажап емес», - дейді ол.
Бернс АҚШ Конгрессінің Украинаға 61 млрд доллар көмекті беруден бас тартуы үлкен тарихи қателік боларын айтты. Оның ойынша Киевке қосымша қаржы бөлу мен қару жеткізу Украина әскерінің 2024-2025 жылдар аралығында нәтижелі қарсылық көрсетіп, әскери әлеуетін арттырып, күш позициясында келісім жүргізуге әсер етпек. АҚШ-тың қаруымен Украина Қырымға шабуылды үдете алатынын да айтты.
11-наурызда АҚШ президенті Байден 2025 жылға арналған бюджет құжатын жария етті. АҚШ-та келер жыл бюджеті дәстүрлі негізде қазанда қабылданады. Алайда онда Украинаға көмек пункті көрсетілмеген. Киевке көмек көрсету құжаты 2023 жылдың қазанынан бастап АҚШ Конгрессінде талқылануда және республикалық партия өкілдері құжатты қабылдамауда. Республикандықтар өздерінің балама заңын ұсынуға дайын. Ол бойынша Украинаға қаржы несие түрінде беріледі, ал Киев несиені қайтара алмаса, онда АҚШ Ресейдің бұғатталған активтерін өзіне алуы ықтимал.
Сарапшылар Украина әскеріне қазіргі сәтте артиллериялық снарядтар мен Әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар жетіспей жатқанын айтуда. Снаряд пен зымыран тапшылығын реттей алса, майдан даласындағы күш балансын қалпына келтіру мүмкіндігі бар дейді.
Mezgil.kz