Жуырда Қазақстан Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов Ресейге сапарлап барып, бірсыпыра кездесулер өткізіп келген.
Бұл 4 наурыз еді. Сол сапар барысында Қазақстанның аумақтық тұтастығына көзалартушылық сөздер айтып жүрген Ресей депутаттары жайлы да сөз болған екен.
«Қазақстан Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов пен Ресей Федералдық кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко депутаттардың аумақтық тұтастыққа қатысты заңсыз шабуылдарының жолын бірлесіп кесуге келісті»,- деп хабарлайды БАҚ.
Бұл туралы Ерлан Қошановтың өзі де бүгін Мәжіліс кулуарында сөзталқы жасап: «Мұндай мәлімдемелердің жолын екіжақтап кесеміз. Бұл тақырыпта Федералдық кеңес төрайымы Матвиенкомен сөйлестік. Біз осы мәселе бойынша өзара жұмыс жасаймыз деп келістік», - деді.
РЕСЕЙ ШЕНДІЛЕРІ ҚОШАНОВҚА УӘДЕ БЕРМЕЙ, ҚҰРҒАҚ СӨЗБЕН ҚАЙТАРҒАН!
Қазақстан Мәжілісінің басшысы Ерлан Қошанов Ресейдің Федерация Кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен және Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володинмен кездесуде осы мәселелер сөз болған. Бірақ, Ресейлік тарап Ресей депутаттары мен түрлі саясаткерлерінің Қазақстан территориясына қатысты арандатушылық пікірлерін жолын біржола кесуге уәде бермеген. Тек бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасауға келіскен.
Айта кетейік, әрісін айтпағанда, соңғы 5 жылдықта Ресей тарапынан президент Путин бастап, Дума депуттары қостап, түрлі лауазымдағы көбікауыз көп саясаткер Қазақстанның территориясына көз алартушылық мазмұндағы, жауластық сипаттағы мәлімдемелерді қарша боратты.
Тек қана Қазақстан емес, жалпы Орталық Азия мемлекеттеріне қарата айтылып жатқан территориялық дау турдыратын арандатушы әңгімелердің легі азаяр түрі және жоқ.
Ендіге қара жердің астына түскен Жириновский, Лимоновтарды айтпағанда, Путин, Медведьев, Лавров, Зюганов, Богдасаров, Федоров, Никонов, Соболев, Миронов, пропогандашылар Соловьев, Скабеева, Кеосоян, Симонян, Мардан, Кисилев т.б. тізе берсең, түбіне бүгін жетпейсіз. Осылдардың әрқайсысы әр жолы Қазақстанды мемлекет ретінде мойындамайтынын, оның территорияларын Ресей жері деп есептейтінін ашық айтты.
Қазақстан бұлардың біріне сылап-сипап жауап қатса, екіншілерін естісе де естімеген кейіп танытумен келеді. Өткенде ғана дәл осындай ақпараттық шабуыл Өзбекстанға қарата жасалды. Өзбек билігінен бірнеше лауазымды тұлға жедел шығып, Ресейге қарата: «Бүйте берсеңдер ОА-ны мәңгіме жоғалтасыңдар!», - деді, төтесінен. Бірақ, оған да пысқарған импершіл билікті көре қоймадық.
Енді осы жолы Ерлан Қошанов барып, Матвиенко мен Володинге жолығып, Ресейдің арандатушы депутаттарының аузына қақпақ қоюды сұраныпты. Нәтиже берсе, жүре көрерміз.
Mezgil.kz