Ата-бабамыздың сан ғасырдан мұраға қалып, милети маңдайына жазған екі-үш мейрамы болғандығын тарихтан бек жақсы білеміз. Соның ішіндегі ең үлкені де, ұлысы да – Наурыз тойы екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
(Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды)
Наурыз тойы барша қазаққа ғана емес, барлық мұсылман әлеміне ортақ мереке. Оған дәлелді тым әріге бармай-ақ, Шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Һаямның «Наурыз-нәмесінен», басқа да көне әдебиеттерден көруге болады.
Жұрттың бәрі Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңелетіндігін жақсы біледі. Бірақ қазақтар бұл ұлығ мерекені ерте заманнан бері өзінің ұлттық жаңа жылын наурыздың 14-нен бастайды. Ұлтымызбен бірге жасасып, бүгінгі заманға ұмытылмай ұмытылмай жеткен дәстүрлеріміздің бірі – Көрісу.
Аталған дәстүріміз еліміздің батыс аймағында 14 наурызда басталады. Сонымен бұл күннің мәні неде дегенге тоқталатын болсақ, Хакім Абайдың Наурызға қатысты айтқан «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойны босап, сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені Көрісудің мәнін аша түсетіндей болады.
Қазақтың Наурызды ерте тойлауы – қашанда әр айдың 14-де ай толысады. Сол себепті халқымыз бұл күнді айдың (жұлдыздың) бір жаңасы дейді. Жұлдыз – қазақ ұғымында айдың синонимі. Ыбырай Алтынсариннің «Кім сендерді сағынар шетке кетсең, Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең, Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын, Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін» деген шумағындағы «жұлдыз сайын хат жазып тұр» деген сөзінің астарында ай сайын хабарлас деген түсінік жатыр.
Қисса-дастандарында сұлу қызды «он төртінде толған айдай» деп жырлайды. Бұл – қыздың әбден бойжетіп, кемеліне келгенін ұқтырады. Біз келтірген мысалдардың бәрі – барша қазаққа тән ортақ ерекшелік болғанымен, кейбір жағдайда Наурыздың барша қазаққа ортақ емес бір тұсы бар. Ол – көбіне-көп Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жегжат, барлық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісуі. Бір қарағанда, бұл – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүр. Бұл жаңа жылмен басталып, келесі жаңа жылға дейін мән-мағынасын жоймайды. Көрісу – бір ай шамасында өтетін игілікті шара.
Көрісудің ерекшелігіне тоқталатын болсақ, Көрісуде ер адамдар мен әйел адамдардың арасында шектеу болмаса да, тек қайыната мен қайынаға келіндеріне қол беріп көріспейді. Көрісудің міндетті талаптары бар ма? дегенге келетін болсақ, жастар үлкендерге сәлем беріп, екі қолын ұсынып көрісу шартын жасаса, жасы ұлғайған аналар бір-бірінің алақанына алақанын тосып, құлашын жазған күйі әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіріп, құшағын жазған күйі төске төс түйістіреді, қайтадан алақандарын қосып көріседі. Жалпы, Көрісу кезінде ертеде кем дегенде бес үйге бас сұғып, сәлемдесу міндеті болған. Көрісу күнінде ешкім ешкімді шақырмайды. Бірақ жастардың үлкенге сәлем беріп, көрісуі – парыз.
Көрісудің басты ұғымы – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіруден тұрады. Жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым жадымызда тұруға тиіс.
Енді бүл еліміздің батысында ғана емес, өзге өңірлерде жаңғырытылуға тиіс бізге ата-бабадан келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Сөз соңында айтарымыз: Көрісу күні ұлтымызды бақ-берекеге бастап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, жылдан-жылға аман-есен жетейік, Ағайын!
Mezgil.kz