14-наурыз Халықаралық өзендер мен су қоймаларын қорғау күні саналады. Rivers without Boundaries экологиялық коалициясы әлем бойынша су тапшылығы артып, өзен-көлдердің су деңгейі түсіп жатқанын айтуда. Аталмыш ұйым Орталық Азиядағы мемлекеттердің жаппай су қоймалары мен су бөгеттерін салу жоспары аймақтағы су тапшылығын тіпті арттыруы ықтимал деп санайды.
Экологтардың пікірінше қазіргі уақытта Орталық Азиядағы салынуы тиіс су қоймаларының барлығы дерлік салынатын болса, онда алдағы 10-15 жылда су тапшылығы арта түсу қаупі бар.
Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасы салынатын болса, Нарын өзеніндегі судың басым бөлігін қоймада ұстау мүмкіндігі артып, табиғи су алмасу процесі бұзылмақ. Бұл экожүйеге қажетті судың азаюын білдіреді және сәйкесінше кіші өзендер мен бұлақтардың суы сарқылып қалуы мүмкін. Рогун ГЭС-інің салынуы Тәжікстанда судың көп мөлшерде қалуына ықпал етіп, Әмудариядан бастау алатын кіші өзендердің сарқылып қалуына әкелмек. Қырғызстандағы Беш-Арал қорығында салынуы мүмкін екі гидроэлектр станциясы бірнеше өзендегі су деңгейінің азаюына әкеледі.
Ауғанстандағы Көш-Тепа су қоймасының құрылысы қарқынды жүруде. Аталмыш су қоймасы Орталық Азиядағы су дағдарысын күшейтіп, тапшылықты арттырмақ. Географиялық тұрғыдан Орталық Азияға бір бөлігі кіретін Ауғанстан әзірге бұл жобадан бас тартуға ниетті емес, керісінше құрылысын жылдамдатуда. Салдарынан Көш-Тепа қоймасы Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстандағы су тапшылығының өршуіне әкелмек. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы кіші ГЭС-терді салу жоспары да судың азаюына әкеледі дейді мамандар.
Экологтар су қоймаларын салуда өзара байланыс болу керектігін айтуда. Бұл бір аймақты су басудан сақтау немесе су тапшылығы азайту мақсатында салынуы мүмкін, ал екінші аймақта кері эффект беруі ғажап емес дейді.
Мамандар Орталық Азияда соңғы жылдары салынып жатқан ірі су қоймалары мен бөгеттері алдағы таңда саяси немесе әскери қақтығысқа әкелуі мүмкін деп қауіптенуде. Экологтар су тапшылығын азайту үшін қаптаған су бөгеттерін салудан бас тартып, жаңа қадамдар жасауға шақыруда. Ол ауыл шаруашылығындағы тамшылатып суару жүйесінен бастап, суды аз қажет ететін өнімдерді егу және басқа әрекеттерден тұруы қажет деп санайды.
Mezgil.kz