Құрылтай Ұлттық мәселелерді қарайды!

Қазақ құрылтайы – қазақтың дәстүрлі хандық заманынан бізге келіп жеткен «дала демократясының» жарқын көрінісі. Өз заманында Құрылтайдың қазақ ұлтының тұтасуына, елін‑жерін қорғауға өлшеусіз үлес қосқаны – көне тарихтан бізге белгілі.

1710489696831745.jpg

(Сурет astanatv.kz сайтынан алынды)

Осы дәстүрдің қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда қайта жаңғыруы – қоғамның отыз жылдық авторитарлық құрсаудан арыла бастағанының, Қазақстан азаматтарының елдігін сезіне бастағанының ұшқыны. Бүгінгі күні оның өз жұмысын Атырау өңірінде, кезінде Алтын Орда астанасы болған Сарайшықта жалғастыруын – қазақ халқының мемлекеттік тарихының белгісі деп қабылдауға болады.

ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ӨТУ РЕТІ

Қазір Қазақ Елінің бір шетінен екінші шетіне жету алты айлық жол болған заман келмеске кетті. Енді, бір қиырдан екіншіге жету, ең шабан тырбаңдаған пойыздың өзімен бар жоғы екі‑үш күн ғана уақыт алады. Сондықтан, қазіргі заман Құрылтайының Ұлттық құрамы ауқымды. Оған әр өңірлерден келген әртүрлі сала өкілдері: елге танымал азаматтардан өзге, ғылым, білім беру, медицина, мәдениет, спорт, БАҚ мәселелері бойынша көрнекті және тәжірибелі сарапшылар, сондай-ақ еңбек қатынастары, адам құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

Ұлттық құрылтай – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Оның басты мақсаты – қоғамдық өмірдің түрлі салаларында идеялар мен шешімдер әзірлеу, қоғамдық топтасуды нығайту. Бұған дейін бірінші отырыс 2022 жылы Ұлытау облысында, екінші отырыс Түркістан қаласында өтті. Атырау қаласында өтетін алдағы, үшінші отырыстың күн тәртібі ‑ қоғамдық топтасу мен жалпыұлттық құндылықтарды дамытудың түрлі мәселелерін қамтиды.

Құрылтайды өткізу форматы - екі жұмыс күнін қамтиды. Яғни, пленарлық отырыс және төрт секция отырысынан тұрады. Бұл шараны өткізудегі формальды тәсілдердің жоқтығын көрсетеді.

Ұлттық құрылтай – бұл өз жұмысын түрлі форматтарда жүзеге асыратын тұтас қоғамдық институт. Ұлттық құрылтайдың ресми сайты және әлеуметтік желілерде аккаунттары іске қосылды.   Бұдан басқа, «Хабар» телеарнасында 2023 жылдан бастап түрлі өңірлерді қосумен «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы көрсетіледі. Бүгінгі күні 10 бағдарлама эфирге шығып, онда түрлі бастамалар талқыланды. 2022 жылғы желтоқсаннан бастап Egov базасында Quryltai қосымшалар жұмыс істейді.  Онда нақты уақытта өзекті әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелер бойынша азаматтардың тілектерін (ұсыныстары мен ұсынымдарын) жинау жүргізіледі.

ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЗАМАНАУИ СИПАТЫ ҚАНДАЙ?

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай институты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының көрнекі көрінісі. Ол азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы көпір қызметін атқарады. Құрылтайдың арқасында азаматтық қоғам өз бастамаларын ұсынып, жақын болашақтағы мемлекеттік саясатын қалыптастыруға ықпал етеді. Қрылтай халықтың талап‑тілегін, уәкілетті мемлекеттік органдарға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық құрылтай қоғамның құндылықтар жүйесін басшылыққа ала отырып, қазіргі қоғамның көптеген өткір мәселелерін сын-тегеурініне салады. Мәселен, бүгінде қаралып жатқан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі түзетулерге бастама жасалды. Бұл ‑ қауіпсіз және әділ қоғам құруға ықпал етеді.

Өткен Құрылтай мүшелерінің ұсыныстарымен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар, Оқушылар мен жастар арасында электронды темекіні/вейпті тұтынудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Бұған қоса, 2023-2024 оқу жылына арналған балалардың құмар ойындарға және компьютерлік ойындарға (лудомания) тәуелділігінің алдын алу бойынша жол картасы қабылданды.

Ұлттық құрылтай азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын, оның ішінде жаппай кәсіпкерлік арқылы жақсартуға бағытталған бастамаларды көтереді.  Әсіресе, Жастар саясаты басты назарда тұрады. Оларға кәсіпкерлік үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит беру енгізілді,  бұл жастарға бизнес ашуды қолжетімді етеді.

Сондай-ақ, Еңбек адамдарының Қазақстанның дамуына, өркендеуі мен әл-ауқатына қосқан үлесін бағалауға ерекше назар аударылады. Адал әрі жасампаз еңбек қазақстандықтардың негізгі құндылығына айналуы тиіс. Осы жұмыс шеңберінде Ұлттық құрылтай мүшелерінің көмегімен Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілетудің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді, Еңбек күнін мерекелеудің жаңа тәсілдері қабылданды, «Еңбекке баулу» пәні енгізілді.

Ақпараттық технологиялар заманында азаматтардың медиа кеңістіктегі қауіпсіздігі стратегиялық маңызға ие. Осылайша, Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл ‑ балаларды зиянды контенттен, кибербуллингтен және басқа да ақпараттық қауіптерден қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған «Балалар – интернет – медиа қауіпсіздік» жол картасы ретінде қабылданды.

Құрылтай қолдауымен Мемлекет басшысының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы қалпына келтіріліп, жаңа аудандар құрылды.

Сондай-ақ, Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени дамуға, білім беруге, ұлттық және мәдени мұраны сақтауға да Ұлттық құрылтай мүшелерінің назары аударылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдасын бекіту елдегі көптілділікті қолдау мен дамытуға, қазақ тілін сақтауға және ілгерілетуге ықпал етеді.

Құрылтайдың бірінші және екінші отырыстарында айтылған Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мүдделі мемлекеттік органдар қарады. Осылайша, талқыланған идеялар республика азаматтарының сұраныстарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдары жұмысының бағыттарына айналды.

Ал, енді, бүгінде көтерілетін «Қоғамдық топтасу мен жалпыұлттық құндылықтарды дамыту» тақырыптары – өте ауқымды тақырыптар. Қазір жер‑жерде Қоғамның әлеуметтік болмысы туралы мәселелер талқылануда. Өйткені, елімізде қоғам тұтастығына нұсқан келтіруші «кірме ағымдар» көбе      йіп бара жатқаны рас. Оған қарқынды тосқауыл қоятын кез жетті. Сонымен бір мезетте, Ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық өнерді дамыту, ұлттық әдебиетті жаңа белеске көтеру қадамдары жасалып жатыр. Енді, осының бәрін тиянақтап, оны нақтылап, алдағы іс‑әрекеттер жөнінде Құрылтайда шын мәніндегі Ұлттық деңгейдегі кеңесу өтеді деп сенеміз!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар