Франция президенті Эммануэль Макрон 14-наурызда TF1 және France-2 арналарына сұхбат беріп, елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді. Сұрақтың басым бөлігі Францияның Украина соғысына қатысты ұстанымы жайлы болды. Француз басшысы көпті толғандырған сұрақтарға жауап беріп, Ресейдің агрессиясына қатысты ойларын нақты жеткізді.
Осыған дейін, 5-наурыз күні Франция басшысы Чехияға сапарлап, Прага сапарында өткір мәлімдемелер жасаған болатын. Аталмыш сапарда КСРО-ның Чехия жеріндегі озбырлығы жайлы сөз ете отырып, ол Еуропа елдерін батыл болуға шақырған еді. «Біз Еуропа тарихындағы аса маңызды сәтке жақындап келеміз және біз қорқақтық танытпауға тиіспіз» деді ол.
Макрон «қорқақтық» жайлы айтқан сәтте Шольцті меңзеді дейді сарапшылар. Себебі Германия канцлері әлі күнге дейін Украинаға алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті Taurus зымырандарын беруден бас тартып келеді. Прага сапарында Макрон Ресейдің агрессиясына қарсы соғыста Украинаны қолдауда қандай да бір шектеу болмауға тиістігін айтып, Киевке қажетті қарудың барлығын беру керектігін меңзеген болатын.
Прага сапарынан кейін Франция басшысы бірнеше мәлімдеме жасады. Ол НАТО-ға мүше мемлекеттер Украинаға қажет болса әскер жіберу керектігін де айтты. Алайда оның ұсынысы НАТО блогындағы серіктестері тарапынан қызу талқыға ұшырады. Бірі оны қолдаса, енді бірі «бұл қадам соғысты ушықтырып, географиясын кеңейтуі ықтимал» деп мәлімдеді.
Франция басшысы Макронның кешегі сұхбаты да дәл осы сұрақ аясында өрбіді. Макрон сұхбатта: «Біздің нақты мақсатымыз бар. Ресей бұл соғысты жеңе алмайды және жеңбеуі тиіс. Біз соңғы екі жылда Украинаға көмектесіп келеміз. Егер жағдай ушыға берсе, онда жауапкершілік Ресейдің мойнында болмақ. Біз Ресеймен соғысып жатқан жоқпыз, дәл қазір ол бізге жау емес, қарсылас. Алайда Ресейдің жеңісіне жол беруге болмайды. Ондай жағдайда француздардың жағдайы күрт өзгерер еді. Еуропадан қауіпсіздік ұғымы жойылады», - деді.
Осылайша ол Украинаны қолдауды арттыра беретінін анық көрсетті. Әлеуметтік желіде «Макрон Киевке әскер жіберіп, Одессаны арнайы жасақпен қорғамақ» деген алып-қашпа фейкньюстер көбейсе де, сұхбат барысында Макрон ол жайлы айтқан емес. Ол сұхбатта Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін растады, алайда дәл қазіргі сәтте бұл мәселе талқыланып жатпағанын жеткізді.
Макрон сұхбат барысында Украинаға көмекті беруді жалғастырып қана қоймай, оны еселеу қажеттігін айтты. Ол Киевке көмек беру бойынша коалиция ауқымын арттырып, артиллерия және зымыран беретін елдер санын көбейту қажет дейді.
Француз басшысы Украинаның жеңілісі әлем елдерінің Еуропаға деген сенімін азайтып, тіпті нөлдік жағдайға түсірер еді деген ойда. Макрон ядролық қару сес көрсетіп, бопса жасайтын қару емес, әлемде ірі державалар арасында соғысты болдырмайтын тежеуіш қаруы екенін атап өтті. Ол Францияның да ядролық держава екенін ескертті.
Сарапшылар Францияны антиресейлік бастамалардың көшбасшысына айналып келе жатқанын айтуда. Тіпті бұл позицияда АҚШ басшылары айтпаған мәлімдемелер мен ұсынысты жасап жатқанын айтып, Макронды БАҚ беттерін «Жаңа дәуір Наполеоны» деп жаза бастады. Саясаттанушылар Макронның әрекеттері Ресейдің Африкадағы Францияға қарсы әрекеттеріне жауап деп санайды. Сонымен бірге ЕО ішіндегі бәсекелестік және қару сату нарығындағы үлесті иемдену мәселесі де бар. 2023 жылы Франция қару сату бойынша Ресейді артқа қалдырды.
Mezgil.kz