Ұлттық құрылтай: Қазақстан Елтаңбасы өзгереді

Бүгін Атырауда өтіп жатқан үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Елтаңбасына қатысты пікір білдірді.

1710504879908265.jpg

(Коллаж суреттері Ақора телеграм арнасынан алынды)

«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.

Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», - деді Президент.

Атырауда «Ұлттық құрылтайдың» үшінші басқосуы өтіп жатыр. Бұған дейінгі Құрылтайларда Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстанның негізі қаланып, еліміздің жарқын болашағы мен мұратын айқындаған айтулы оқиғалар орын алып отырды. Бұған дейінгі Құрылтайлар  Ұлытауда, Түркістанда өткен еді.

Қазіргі Елтаңбаға 32 жыл толды. Ол 1992 жылы қабылданған еді. Авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Оның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар