Депутат: Мемлекеттің сұсы мен сесі Гербте көрініс табуы тиіс!

Қазіргі қазақ қоғамы ызу-қызу талқылап жатқан тақырып – Қазақстан Елтаңбасын ауыстыру деген мәселе. Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда президент Тоқаев айтқан ырғын-қырғын сөздің ең бастысы – Елтаңба туралы сөз болғаны анық.

1710924900619880.jpg

«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», - деді Президент.

Әуелі қазіргі Елтаңба жайлы: Қазіргі Елтаңбаға 32 жыл толды. Ол 1992 жылы қабылданған еді. Авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Оның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.

Бүгін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Елтаңба ауыстыру туралы айтылған сөзден кейін қазақ қоғамында болып жатқан қызу талқыға қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдапты.

«Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда ұлт өміріне қатысты көптеген маңызды мәселемен қатар, елдігіміздің айшықты белгісі - Герб мәселесінің де көтерілуі орынды.Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында мұны көпшілікпен бірге кеңінен талқылай отырып, ортақ шешімге келуді ұсынды.

Бұл ұсыныс қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда. Олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді. Бұл - заңды әрі оң құбылыс. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен жетілгенінің көрінісі. Екінші жағынан, жұртшылықтың елдік нышандарға бей- жай қарамайтынын, отаншылдық сезімінің жоғарылығын айқын аңғартады», - дейді депутат Құспан. Біз Мәжіліс депутатының ұсынысты сауалын оқырман талқысына ұсынғанды жө нсанадық.

МЕМЛЕКЕТТІҢ СҰСЫ МЕН СЕСІ ГЕРБТЕ КӨРІНІС ТАПСА ИГІ!

1710924784640151.jpg

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:

- Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет гербі сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады. Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді. Кейбір елдер гербсіз, эмблемамен ғана шектелген.

Бұл ретте, біздің халқымыздың тарихы да елдік нышандар бедерлеу тәжірибесіне бай. Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз - жалпы гербтің түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі - таңба жасау дәстүрі Ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор.

Рас, қолданыстағы гербіміз де жақсы жасалған. Ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Ол осы кезеңнің ерекшелігі мен сұранысына сай ел халқын біріктірушілік қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.

Бұл ретте, Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн. Ол - арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс - Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих. Биыл Қазақ Даласында ту көтерген Жошы ұлысы - Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз.

Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді.

Осы орайда, Президенттің Гербті қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн деп санаймыз. Бұл маңызды істі осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы герб авторымен жан-жақты талқылау ұйымдастыруын ұсынамын.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар