Ресей барлауы не дейді? Франция Беларуське басып кіре ме?

Орыс барлауы Франция Украинаға әскер жібергелі жатқаны жайлы мәлемдеме жасады. РФ Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкиннің дерегінше, Франция Украина майданына 2 мың сарбаз аттандырмақ көрінеді. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? ЕО елдері соғысқа араласа ма? Ақпараттарға шолуды қараңыз:

1710930944595732.jpg

НАРЫШКИН НЕ ДЕЙДІ?

«Францияның қазіргі басшылығы қарапайым француздардың өліміне және генералитеттің алаңдаушылығына мән бермейді. Ресейдің Сыртқы барлау қызметіне келіп түсетін мәліметтер бойынша, Макрон һәм Франция Украинаға жөнелту үшін 2 мың сарбазды құрайтын әскери контингент дайындап жатыр», - дейді Нарышкин.

1710930441985119.jpg

Ресейдің Сыртқы барлауына жауапты Нарышкиннің пікірінше, 2 мың сарбаз айтарлықтай көп әскери контингент. Қазір олар даярлықтан өткен. Бірақ, оларды аттандыруға қатысты Франция әскери басшылығында түбегейлі ортақ шешім жоқ. Осы туралы сөз еткен Сергей Нарышкин: «Егер Франция әскерилері Украинаға жіберілетін болса, олар сөзсіз Ресей әскерінің нысаны болады», - дейді.

«Le Monde» гәзеті Франция әскерилерін Украинаға жіберу мәселесі өткен жылдың жазынан бастап талқылана бастағанын жазады. Басылымның мәліметінше, сол кезде Киев пен оның одақтастары дайындалып жатқан қарсы шабуылдың нәтижесінде Ресей әскерінің бір бөлігін кері шегіндіреді деп есептеген. Алайда, Украинаның қарсы шабуылы айтарлықтай нәтиже көрсетпеді.

Гәзет ақпаратына арқа сүйесек, 2023 жылдың 12 маусымында Парижде өткен қауіпсіздік кеңесінде құрлықтағы әскерлерді жөнелту мүмкіндігі туралы талқы болған. Ол кезде, «Le Monde» гәзетінің айтуынша, француз билігі мұндай нұсқаны аса құпия жағдайда талқылай бастаған.

1710930501976841.jpg

НАРЫШКИН МӘЛІМДЕМЕСІНЕ ФРАНЦИЯ НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ?

Ресей Сыртқы барлауының басшысы сергей Нарышкиннің мәлімдемесіне Франция Қорғаныс министрлігі жауап берді. «Нарышкиннің Франция Украинаға жіберу үшін әскери контингент дайындады деген мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейді», - деп қайырды Францияның Қорғаныс министрлігі.

«Нарышкиннің деректері – Ресейдің жаппай дезинформацияны жүйелі түрде пайдалануыынң тағы бір мысалы болып табылады. Біз сергек саналы жұртты барынша ақпараттарға мұқият, қырағы болуға шақырамыз», - делінген Франция тарабының мәлімдемесінде.

НАРЫШКИН: ФРАНЦИЯ ӘСКЕРІ ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ УКРАИНАДА

Нарышкиннің ақпаратынша, қазірдің өзінде Францияның жасырын жіберілген әскери контингенті Украина майданында бар. Және олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар да едәуір.

«Францияның қазір Украина майданында жараланған және қаза тапқан сарбаздары көп. Париж оларды ресми болмаса да, мойындайды. Шынында, Франция армиясы Алжир соғысынан бері мұндай шығынмен бетпе-бет келген жоқ», - дейді Нарышкин.

1710930556520898.jpeg

МАКРОННЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Батыс әскерлерін Украинаға жіберу туралы пікірталас президент Макронның Париж форумында айтқан мәлімдемесінен басталды.

«Біз эскалация жолымен жүрмейміз, себебі бізге тағы бір соғыстың қажеті жоқ. Бірақ бізде Украинаға көмек мәселесінде ешқандай  «лимит» жоқ болуы керек. Соның ішінде екіжақты келісім негізінде Украинаға ЕО елдерінің әскерін жіберу де ашық талқыда болуы тиіс! Ресейде қолда бар амалдың барлығын пайдалана отырып, тежеуіміз керек», - деген Макрон.

Алғашта Макронның бұл мәлімдемесін жалғыз Литва қолдаған еді. Кейін бұл санатқа Эстония, Канада, Нидерланды т.б. мемлекеттер де қосыла бастады.

МАКРОННЫҢ МӘЛМДЕМЕСІНЕ РЕСЕЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

«Ресейге қатысты ешқандай қызыл сызықтар жоқ деген мемлекеттерге келетін болсақ, онда олар Ресейде де осы мемлекеттерге қатысты ешқандай қызыл сызықтар болмайтынын түсінуі тиіс», - деді президент Владимир Путин.

1710930607939190.jpg

ФРАНЦИЯ ӘСКЕРІ БЕЛАРУСЬКЕ КІРЕ МЕ?

Бұл уақытта француз әскерлері Беларусьпен шекарада жолығуға таяу деген ақпарат та БАҚ-та жарияланды.

«Парижде француз сарбаздарын орналастыруға болатын орындар қарастырылуда», - дейді Францияның «LCI» телеарнасы.

Әскери талдаушы және отставкадағы полковник Винсент Арбарэц ресми бұйрық алған кезде Франция өз әскерлерін орналастыра алатын Украина аумағындағы орындар туралы сөз еткен. Оның айтуынша, Франция әскерін орналастыратын үш нұсқа бар: Оның біреуі – Украина-Беларусь шекарасы.

Арбарэстің айтуынша, Франция өз әскерін не бүкіл Украина-Беларусь шекарасына, не Днепрдің оң жағалауына орналастыруды жоспарлаған.

«Днепр бойымен әскерлерді орналастыру Ресейге қызыл сызықты көрсетіп, оң жағалаудағы Украинаға басып кіруге жол берілмейтінін көрсетеді. Ал Беларусьпен шекараны бойлай орналастыру Киев үшін ескерту болар еді. Мүмкін екі бағытта да орналастыру таңдалады», - деп мәлімдеді Арбарэц.

Ол сондай-ақ осы бағыттардың бірінде Франция өзінің 20 мыңға дейін әскери қызметшісін орналастыруды жоспарлап отырғанын және Украинадағы мұндай қадамның өзі «Ресейді тең жағдайда келіссөздерге мәжбүрлеуге мүмкіндік беретінін» атап өтті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар