«Крокус сити холл» ғимаратындағы лаңкестіктен кейін Ресей билігі саяси шешімдердің бірсыпырасын айтуда. Ресей Мемлекеттік Думасы өлім жазасын жарияланған мораторийді алып тастауды талқыға сала бастады.
Ресей МемДумасының спикері Володиннің пікірінше өлім жазасын қолдануға тыйым салатын мораторийді алып тастау үшін референдум өткізудің қажеті жоқ. «Ол үшін бар болғаны Конституциялық соттың шешімі керек» дейді ол. Володин бұл сұрақты талқылау мен тиісті шешім шығару үшін мұқият сараптама жасап, қоғам мен елдің, сарапшылардың пікірін білу міндетті деген ойда.
Ал Сергей Мироновтың пікірінше өлім жазасын қайта қолдануды мақұлдау үшін референдум өткізілгені дұрыс. Геннадий Зюганов өлім жазасының қайта енгізілуін қолдайтынын айтты және «Крокус Сити Холлда» қырғын салғандардың жер басып жүруі әділетсіздік болар еді» деген ойда.
Жириновскийдің орнын басқан Леонид Слуцкий де өлім жазасын қайта енгізуді қолдайды. МемДума бұл сұрақты талқылау үшін арнайы жұмыс тобын құруға келісті. Сарапшылар Ресей билігі өлім жазасын қайта енгізетініне сенімді.
Федералды Қауіпсіздік Қызметінің директоры Бортников: «Бұл қырғынға қатысы барларды анықтау үшін ел ішінде де, ел сыртында да көптеген жұмыс жасалуда. Біздің арнайы қызмет өкілдері бұл сұрақты жіті зерттеуде және бізге тілектес елдердің арнайы қызметтерімен де байланыста», - дейді.
Ол лаңкестік шабуылды радикалды топтардың іске асырғанын растай отырып, «ол топтың артында кім тұр» деген сұрақтың жауабын табу жолындағы қызу жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Бортников: «Лаңкестерді Украина аумағында күтіп алғысы келгендер болды. Мен сіздерге бір құпияны ашайын, оларды батыр ретінде қарсы алмақ еді. Біз лаңкестік қаупі әлі де барын жоққа шығармаймыз және оның 100 пайыз алдын-алу да мүмкін емес. Біздің мүмкіндіктеріміз де шексіз емес. Украинадағы жағдайға байланысты соңғы уақытта пайда болған мәселелер деңгейі бізді қауырт режимде жұмыс істеуге итермелеуде», - дейді.
Лаңкестікке қатысы бар деген нұсқаны ресейлік сарапшылар да, Ресей президенті де айтуда. Ресей президенті Владимир Путин «лаңкестік әрекетті іске асырушылардың артында 2014 жылдан бері нацистік Киев режимін жасақтаушылар тұр» деген болатын.
Ресейдегі шабуылды ДАИШ лаңкестік ұйымының «Хорасан тобы» өз мойнына алғанына қарамастан, Мәскеу лаңкестердің артында Украина тұр деген нұсқаны қайталаумен келеді.
Құқық қорғаушы ұйымдар лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен ұсталғандарды тергеудің әділ өтеріне күмәнмен қарайды. Олар күдіктілерді ұстау барысында және тергеу сәтінде қинау фактілерінің барын айтып, оны Ресей билігінің тоқтатпауға тырысуы күмәнді дейді. «Әлеуметтік желіде тараған құлақ кесу, тоққа соқтыру, сот залына сөйлеуге шамасы келмейтін күйде соққыға жығылған күдіктілерді әкеліп, сұрақ-жауап алу көріністері тергеудің жауап алуға қарағанда репрессивті әрекеттермен жаза беруге тырысып жатқанын көрсетеді» дейді Еуропалық адам құқығын қорғау комитеті.
Ал Ресей президентінің жанындағы Адам құқығы туралы кеңес қинау фактілеріне қатысты видеоны көрмегенін айтты. Ресейдің СІМ басшысы Лавров болса, «тергеуді әділ негізде іске асыру үшін Интерполдың көмегі қажет емес» деген ойда.
Mezgil.kz