Қытай Халық Республикасы Тайуан мәселесін қарулы жолмен шешуге дайындалуда дейді әскери сарапшылар. 26-наурызда әскери сарапшы, зерттеуші Джозеф Вэн спутниктік түсірілімдер арқылы Қытайдың әскери полигонының бірінде Тайуан астанасы Тайбэйдегі үкімет үйі мен билік ғимараттары орналасқан макетті анықтады.
Әскери полигон Ішкі Моңғолияда орналасқан. Алашан аймағындағы әскери полигонда Тайбэйдегі үкімет үйі, үкімет үйіне апаратын даңғылдар мен көшелердің макеттері қойылған. Әскери сарапшы Тайбэйдің Боай ауданындағы ішкі саясат бөлімі, сыртқы саясат бөлімі мен әскери басшылық ғимараттары да макетте көрсетілгенін айтты.
Сарапшының пікірінше бұл макеттер әкімшілік ғимаратқа зымыран немесе бомба соққысын жасау үшін жаттығу барысында қолданылуы мүмкін. Ол "Қытай сұмдық соғысқа дайындалып жатыр" дейді. Қытайда бұған дейін де Тайуандағы әскери және саяси билік орналасқан ғимараттардың макеті жасалынып, әскери жаттығуда қолданылғаны жайлы БАҚ беттері жазған болатын. Ішкі Моңғолиядағы Чжужихэ аймағында Тайуанның әкімшілік орталығының макеті жасалып, әскери жаттығу өткізілгені жайлы ресми видео да жарияланды. 2015 жылы Қытайдың Орталық телеарналары Тайуан президенті отыратын резиденцияны басып алу бойынша жаттығу өткізді. Жаттығуды олар резиденцияның макетінде жасады.
Сарапшылар Қытай билігі 2027 жылы Тайуанға соғыс ашуы мүмкін дегенді айтумен келеді. Ресми Бейжің бұл ақпаратты жоққа шығарып, «соғысқа дайындық жасалған емес» деп мәлімдеді. НАТО сарапшылары Қытай әскері Ресейдің Украинада жіберген қателіктерінен сабақ алып, ұрыс қимылдарын жүргізуге тыңғылықты дайындалуда деген ойда. Мәскеу мен Бейжің 2015-2018 жылдары бірнеше бірлескен жаттығу өткізіп, Ресейдің Қырымды алу сценарийне ұқсас жаттығуларды пысықтады.
2023 жылдың 28 шілдесінде АҚШ билігі Тайуанға 345 млн доллардың қаруын беруге келісті. Байден Presidential Drawdown Authority (PDA) жүйесі арқылы Тайуанға берілетін қаруды тез жеткізуге тапсырды, бұл жүйенің ерекшелігі қаруды тез арада жеткізуге мүмкіндік береді. Вашингтон аталмыш жүйені Украинада 40 мәрте қолданған болатын. АҚШ билігі «бір Қытай» приципін мойындайтынын айтты, алайда Бейжіңді соғыс бастаудан сақтандыруда. Вашингтон Тайуанға Қытай тарапынан соғыс басталса, қарулы қақтығыстың ауқымы артып, өзге тараптар араласуы мүмкін деп санайды. Ал Қытай билігі АҚШ-ты Тайуанға қару сатты деп айыптап отыр.
Mezgil.kz