Александр Сырскийдің сұхбаты: Авдеевка шайқасы, Харьковке төнген қауіп

Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский Бас қолбасшы ретінде алғаш рет сұхбат беріп, майдан даласындағы жағдайға қатысты ойын айтты.  


Генерал-полковник Александр Сырский – новый главнокомандующий ВСУ | Raadio  4 | ERR

 

Сырский майдан даласындағы жағдай біршама тұрақталғанын жеткізді. «Авдеевка үшін шайқастан кейін Ресей әскері қарқынды шабуылға шықты, алайда біз оларды тоқтатып, қорғанысты реттей білдік» дейді ол. Бас қолбасшы «Авдеевкада 25 украин сарбазы тұтқынға түсті» деген деректі келтірді. Ол: «Ресей тарапы мыңдаған адам тұтқынға түсті дейді, бұл әрине өтірік. Егер рас болса Мәскеу баяғыда-ақ тұтқынға түскендерді көрсетіп, нағыз ақпараттық-психологиялық шабуылды үдетер еді», - деді.

 

Қазіргі сәтте Ресейдің Харьковке шабуыл жасау жоспары барын айтты, алайда «бұл Ресей үшін ең үлкен қателік болар еді» дейді қолбасшы. Сырскийдің ойынша «Харьков Ресей әскерінің моласы болмақ».

 

Сырский мобилизация заңына қатысты пікірін білдірді. Ол жарты миллион адам емес, одан әлдеқайда аз адамды мобилизациялап, қолына қару беріп, кәсіби әскер ету керектігін айтты. Ақпан айындағы деректер бойынша мобилизацияланғандардың 84 пайызы арнайы әскери даярлықтан өтіп, майданға аттанғанын келтірді.

 

«Ұрыс даласында жағдай қиын, алайда соғыста басқаша болуы мүмкін де емес. Қарсыласымыз Донецк және Луганск облыстарының әкімшілік шекарасына шығуға тырысуда, біздің сарбаздарымызды Запорож аймағында Днепрдің бергі жағалауына ығыстыруға тырысып бағуда. Алайда біз де тек қана қорғаныста тұрған жоқпыз, сонымен бірге күн сайын алға жылжудамыз. Соңғы уақытта айырылып қалған аумақтарымызға қарағанда қайтарған позицияларымыз арта түсті. Жауымыз стратегиялық бағыттарда алға жылжи алмады, ол соңғы уақытта иемденген аймақтар тактикалық маңызға ғана ие», - дейді ол. Сырский «Украина әскері әне-міне құлайды» дегендерге жауап беріп, әскердің жағдайы 2022 жылдың ақпан-наурызындағы жағдайдан әлдеқайда жақсы екенін жеткізді.

 

Қарсыластың санының көптігі, басқарылмалы әуе бомбаларының көп болуы және авиация саны арқылы шабуылды үдетуге тырысып жатқанын айтты. Соңғы дерек бойынша Ресей әскері 6 снаряд атса, Украина 1 снарядпен жауап беруге мәжбүр екенін растады.

 

«Қазір әскеріміз снаряд санымен емес, оны тиімді қолданумен алға шықты. Жауынгерлер дрондарды өте көп пайдаланып, артықшылыққа ие болуға тырысуда. Жауымыз да дрон саны бойынша бізді қуып жетуге барын салуда», - дейді ол. Қара теңіздегі Ресей флотына теңіз дрондары және зымырандармен жасалған соққыларды тиімді дей отырып, соққы жасау санын арттыратынын айтты.

 

Сырский Украина әскері қорғаныс шептерінің санын арттырып, барлық бағыттағы ықтимал шабуылдарға дайындалып жатқанын меңзеді. Сонымен бірге Батыс тарапынан келуі тиіс қаруларға және Батыстық үлгідегі ұшақтарға байланысты жаңа шабуыл тактикаларын жасайтынын айтты.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар