"Ердоғанның тарихи жеңілісі": Ататүрік құрған партия атой салды!

Жексенбіде өткен сайлауда Ердоғанның билеуші партиясы жергілікті сайлауда тарихи жеңіліске ұшырады. Оппозиция саналатын «Респбликалық халықтық партия» ел бойынша 37,8% дауыс жинаса, Ердоғанның «Әділеттілік және даму партиясы» 35,5% дауыс алған. Сайлау нәтижесін көптеген сарапшылар «Ердоғанның тарихи жеңілісінің бірі» деп атауда.


Эрдоган признал поражение своей партии на муниципальных выборах в Турции —  31.03.2024 — В мире на РЕН ТВ

 

Оппозициялық партия соңғы 21 жылдағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді. Сарапшылар билеуші партияның жеңілісін елдегі экономикалық дағдарыстың күшеюімен түсіндіруде. Түркиядағы экономикалық дағдарыс 2018 жылдан бері жалғасуда. Бес жылдың ішінде түрік лирасы өзінің құнын бірнеше есе жоғалтты, ал 2023 жылы бейресми деректер бойынша елдегі инфляция 65%-ға жеткен.

 

Сайлау алдында оппозициялық партиялар елдегі өмір сүрудің қымбаттығы жайлы, әлеуметтік жағдайдың нашарлауына қатысты көбірек айтты. Билеуші партия дағдарыстан оңай шығу жолы барын айтып, геосаяси үстемдік мәселесін көтерген.

 

Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлы сайлауда билеуші партия тарапынан шыққан кандидатқа «Біздің еліміз кедейлікке лайық емес» атты ұранмен қарсы шықты. Бұл ұранның өзі де халыққа өтімді мәселені көрсетеді дейді саясаттанушылар.

 

Ердоған 2023 жылы қатарынан үшінші мәрте президенттік сайлауда жеңіске жетті. Ол елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға уәде етті, алайда президенттік сайлаудан кейін Түркияда инфляция өсе берді. Президенттік сайлау да Ердоған үшін оңайға соқпады және екінші турды өткізуге тура келді.

 

Оппозициялық партия жергілікті сайлау нәтижесінде Анкара, Стамбұл, Измир, Бурса сынды қалаларда билігін сақтап қалды. Жеңіске жеткен оппозициялық Республикалық халықтық партияның құрылуына Ататүрік тікелей атсалысқан болатын. Партияның негізгі ұстанымы «зайырлы мемлекет және ұлттық құндылықтар мен ұлт мүддесі» деп жазылған. Партияны көбіне орта тап өкілдері қолдайды. Ал партияның ресми ұраны - Ең алдымен адам, ең алдымен бірлік, ең алдымен Түркия!

 

Республикалық халықтық партия өкілдері Ердоғанды «мемлекетте түрік қоғамына сай келмейтін діни ағымдарды көбейтті» деп айыптауда. Олар Ердоған билігін дінді қолдану арқылы қоғамды бақылауда ұстағысы келеді дейді. Алайда соңғы жылдары РХП-ны тек ұлтшылдар емес, сонымен бірге консерваторлар мен діни қайраткерлер де қолдай бастаған.

 

Стамбұл қаласындағы сайлауда күрд өкілдері бюллетеньде күрдтердің позициясын қолдайтын партияның бар екеніне қарамастан оппозиция өкілі Имамоғлыға дауыс берген. Осылайша олар дауыс беруде оппозицияның жеңіске жетуіне ықпал жасаған.

 

Сарапшылар билік партиясының қолында ақпарат құралдарының басым көпшілігі бар болса да, ақпараттық алаңда оппозициядан жеңіліс табуы үлкен сигнал деуде. Ердоған сайлауға қатысты былай деп пікір білдірді: «Бүгін біз жеңілген жоқпыз, бүгін демократия жеңді. 31-наурыз біз үшін жеңіліс күні емес, алайда бетбұрыс күні болары анық».

 

«Ердоған сыртқы саясатта Түркияның ықпалын арттырғаны анық, алайда ішкі саясатта экономикалық қателіктерді көп жіберді. Ол ендігі таңда экономикаға басымдық беріп, реформа жасауы міндетті», - дейді Анкара қаласындағы Хажы Байрам университетінің профессоры Бахадүр Түрк.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар